Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі азайып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті. Қатігездік пен сенімсіздік, немқұрайлылық, енжарлық – халықты жарға жығатын жағымсыз әдеттер. Біз ел боламыз десек, ең алдымен, жастардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Сондай-ақ, өзара тілектестік пен бауырмалдықты әрдайым дәріптеуіміз керек. Мұны Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. Ұлы ойшылдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиетін ұмытпайық, ағайын!, - деді ол.
Ол әрбір саясаткер, қоғам қайраткері, журналист, блогер немесе жалпы азаматтар сөзі мен әрекетінің жауапкершілігін сезінуге тиіс екенін айтты.
Елімізде жауапкершілік идеологиясы орнығуға тиіс. Әлемдегі ахуал аса күрделі болып кетті. Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек. Әрбір саясаткер, қоғам қайраткері, журналист, блогер немесе жалпы азаматтар сөзі мен әрекетінің жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қазір әр ісіміз мемлекет мүддесіне сай болуы қажет. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Өкінішке қарай, ашығын айту керек, шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Олар, тіпті, біздің елімізге ақпараттық шабуыл да ұйымдастырады. Оның бәрін көріп отырмыз. Міне, біз елге қатер төндіретін осындай теріс үрдістердің де бар екенін ұмытпауымыз керек, - деді Президент.