Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің ширек финалына шыға алмады

21 Сәуір 2023, 06:19
774
Бөлісу:
Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің ширек финалына шыға алмады
Фото: AP/Mark J. TERRILL

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Германиядағы Штутгарт WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген Е. Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 14-орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен шеберлік байқасты.

Биыл Абу-Даби додасының ширек финалында бразилиялық теннисші Е. Рыбакинаны 3:6, 6:3, 6:2 есебімен жеңіп кеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Хаддад Майя брейкпен алға кетіп, дес берген жоқ – 6:1.

Екінші сетте қазақстандық спортшы медициналық көмекке жүгінгеннен кейін өз геймін беріп қойды – 1:3. Бұдан соң матчты жалғастырудан бас тартты.

Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Хаддад Майя 2 эйс жасап, 4 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды. Е. Рыбакина 3 эйспен ғана көзге түсті.

Бразилиялық теннисші жартылай финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен таласады. Өткен жылы Уимблдон турнирінің финалында Е. Рыбакина О. Жаберді 3:6, 6:2, 6:2 есебімен ұтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы