Елена Рыбакина алғаш рет Штутгарт турнирінің чемпионы атанды

21 Сәуір 2024, 18:01
400
Бөлісу:
Елена Рыбакина алғаш рет Штутгарт турнирінің чемпионы атанды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 27-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездескен еді. 2023 жылы Аделаиде (Аустралия) турнирінде Костюк 6:7 (5:7), 6:2, 6:3 есебімен ұтса, АҚШ ашық чемпионатында Рыбакина есе қайырған еді – 6:2, 6:1.

Бұл жолы қазақстандық теннисші матчты брейкпен бастады – 2:0. Бұдан кейін есепті 5:2-ге жеткізіп, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.

Екінші партияда да Рыбакина 2:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:2. Содан соң төртінші матчболын пайдалана алды – 6:2.

Бір сағат 9 минутқа созылған матчта қазақстандық спортшы эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Осылайша, Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Штутгарт жарысының чемпионы атанды. Ол 500 рейтингілік ұпайға қоса «Порше» автокөлігіне ие болды.

Өзгелердің жаңалығы