Қарағанды автобустарында электронды билет беру жүйесі қосылады

5 Наурыз 2020, 09:32
2323
Бөлісу:
Қарағанды автобустарында электронды билет беру жүйесі қосылады
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда қала ішінде қатынайтын автобустарда электронды билетпен жүру жүйесі ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақ. Бұл үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда.

Бүгінде қала ішінде қатынайтын автобустардың барлығына дерлік электронды билет беру жүйесінің арнайы құрылғылары - валидаторлар қойылған. Үш жыл бойы бірнеше рет шегерілген жоба биыл жүзеге асуы тиіс. Қалалық жолаушылар тасымалына жауапты мекеме басшыларының айтуынша, Оңтүстік Кореялық "Смарт Карт" компаниясы іске асыратын инвестициялық жоба сәуір айында пайдаланылуға берілмек.

20200304_161023.jpg

Қоғамдық кеңестің отырысында Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Әлібек Дүйсембеков қоғамдық көлікте электронды билек жүйесімен қатар сараланған тариф енгізуді ұсынды.

Тұрақты жолаушылар тасымалына сараланған тариф енгізуді ұсынамыз. Егер жолаушылар электронды картамен жол ақысын төлесе, жол жүру құны 80 теңгені, ал егер қолма қол ақшамен төлесе 150 теңгені құрайтын болады. Яғни электронды картамен жол жүру ақысын төлеу екі есе арзанға түседі, - деді Әлібек Дүйсембеков.
20200304_141237.jpg

Мұндай дифференциалды тариф Нұр-Cұлтан, Алматы, Атырау және Көкшетау қалаларындағы қоғамдық көліктерде енгізілген. Жолаушылар тасымалына жауапты мекеме Қарағандыда да осындай тәжірибе енгізуді жоспарлаған екен.

Бүгінгі күні автопарктердің есебі бойынша олардың тасымалдауға жұмсалатын барлық шығынын жабу үшін жол жүру құны 180 теңге болу керек. Осыған байланысты және еліміздің көптеген қалаларында сәтті жүзеге асырылған дифференциалды тарифті енгізуді ұсынып отырмыз. Ол бойынша қолма-қол ақшамен төленетін билеттің құны 150 теңге болады. Арнайы электронды картасы жоқ қала қонақтары мен ауыл-аймақтан келген тұрғындар 80 теңге төлеуі үшін QR код немесе sms хабарлама арқылы төлем жасау жүйесін енгізуді де қарастырып жатырмыз. Арнайы мобильді қосымша ойластырамыз, - дейді қалалық жолаушылар тасымалы бөлімінің жетекшісі Ескендір Қабидолла.
20200304_162117.jpg

Оның айтуынша, электронды билет жүйесін енгізу автопарктердің "көлеңкедегі" түсімін анықтауға, олардың табысының нақты мөлшерін және әлеуметтік жеңілдікке ие тұрғындардың қаншасы қоғамдық көлікпен жүретіндігін анықтауға мүмкіндік береді. Осыдан кейін бюджеттен автопарктерге жыл сайын бөлінетін субсидия көлемі өзгеруі де мүмкін.

Алайда, Қоғамдық кеңес белсенділері бұл жобаға бірден қарсылық танытып, Қарағанды халқының табыс деңгейі мұндай тарифті енгізуге мүмкіндік бермейтіндігін алға тартты.

Электронды билет жүйесі іске қосылып, барлығын ретке келтірмейінше сараланған тарифті белгілемеу керек. Баға барлығына бірдей 80 теңге болу қажет. Мұндай тарифті жүйе іске қосылғаннан кейін бір жылдан соң енгізуге болады, - дейді Қоғамдың кеңестің мүшесі Виктор Симонян.
Қарағандылықтар болса қала ішінде қатынайтын автобустарда электронды билет болғанына қарсылық танытпайтындығын, дегенменде автопарктердің жұмысына көңілдері толмайтындығын жеткізді.

Автопарктер қоғамдық көліктердің санын артырып, жаңа маршруттар ашса дұрыс болар еді. Таңертеңгілік және кешке жұмыстан қайтар уақытта жолаушының көптігінен автобусқа міну мұң. Негізі бұл айта-айта жауыр болған мәселе ғой. Жақында облыс әкімінің есебінен қалаға жаңа автобустар әкелінетіндігін естідім. Осындай шаралар қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын арттырады деп ойлаймын. Ал электронды билетпен жүру заман ағымына ілесуге қажетті дүние деп есептеймін, - дейді Майқұдық ықшам ауданының тұрғыны Әсия Жақсылықова.

Өзгелердің жаңалығы