Электр бағанына шығып алған маймылды түсірмек болған адам қару қолданған

15 Маусым 2021, 13:43
2068
Бөлісу:
Электр бағанына шығып алған маймылды түсірмек болған адам қару қолданған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында қожайынынан қашып, электр бағанына шығып алған маймыл полицейлердің назарына ілікті.

Түркістан облысының полицейлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бөлек, әлеуметтік желілерге де тексерулер жүргізіп, тиісті жұмыстарды атқарып келеді. 

Мәселен әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде полицейлер, «Instagram» парақшаларының бірінде жол жиегінде маймылдың электр бағанасының (столба) үстіне шығып кетіп, түсе алмай тұрғаны түсірілген бейнежазбаны анықтады. 

Бұл бейнежазба бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері бірден тексеру жұмыстарына жұмылдырылды. Яғни атқарылған шаралардың нәтижесінде оқиға Сарыағаш қаласындағы көшелердің бірінде орын алғаны белгілі болды. Сарыағаш тұрғыны маймылдың иесі болып шықты. Оның айтуынша, ол аталған жануарды тасымалдап бара жатқанда, абайсызда тордан шығып кеткен. Содан өзіне оны биіктен түсіру мақсатында пневматикалық қарумен бірнеше рет ауаға атып, жерге түсірген. Содан соң маймылды ұстап, қайта торына салып, алып кеткен, - делінген ТО ПД-нің баспасөз хабарламасында.

«Макака» тұқымды маймылды жергілікті тұрғын Өзбекстан Республикасынан сатып алған, одан кейін Сарыағаш ауданында қайта сату үшін алып кетіп бара жатқаны анықталды. 

Қазіргі таңда Сарыағаш АПБ қызметкерлері маймылдың иесінің жасаған іс-әрекеті бойынша зерделеп, тиісті құжаттарын тексеріп, әкімшілік жауапкершілігін қарау үстінде.

Өзгелердің жаңалығы