Елдің қауіпсіздігі үшін әуежайларды жекеге беруді тоқтату қажет

7 Наурыз 2023, 16:10
1179
Бөлісу:
Елдің қауіпсіздігі үшін әуежайларды жекеге беруді тоқтату қажет
PHOTO
Фото: автордан

«Оралдағы әуежайдың бөлігі шетелдіктерге сатылды» деген ақпарат шыққан кезде облыстық әкімдікке барып, мән-жайды білмек болған белсенді азаматтардың бірі – Жантас Сафуллин. Ол әкімдікте облыс әкімінің орынбасарымен және әуежайдың 49 пайызын иеленген қазақстандық жеке кәсіпкер Дәулетхан Килыбаевпен кездескен. Кездесуде не айтылғаны жөнінде «DANA» орталығының басшысы Жантас Набиоллаұлы (суретте) айтып берді, деп хабарлайды БҚО-дағы BAQ.KZ тілшісі.

Қилыбаевтан бірнеше мәселені сұрадым. Біріншісі – үлесі. Ол «49 пайыз компанияның емес, жеке өзімнің атымдағы үлес» деді. Екіншіден – қалай және қаншаға сатып алғаны. Оның айтқаны – осының алдындағы әуежайдың иесінен 5 млрд теңгеге сатып алған. «Қандай құжаттарыңыз бар? Сатқан мекеменің құрылтайшылар жиынының хаттамалары, сіздермен жасалған шарттары, сіздің құрылтайшылардың хаттамаларын көруге бола ма? Бағалау жұмыстарын кім жүргізді?» деп сұрадым. Қилыбаев дәл қазір ондай құжаттарды бере алмайтынын айтты.  «Әуежайда нені сатып алдыңыз?» деп сұрағанымда, «айналасындағы автокөлік тұрақтарын, терминал ішіндегі қызмет көрсетуді, перрон» деді, - дейді Жантас Сафуллин.

Жантас Набиоллаұлы әуежайдың жаңа иесіне өзінің күмәнданатын тұстарын айтқан. Олар – әуежайдың терминалының стратегиялық нысан қатарынан шығарылып тасталғаны, алайда ұшу-қону жолағы терминалсыз жұмыс жасай алмайды. Себебі әскери емес, азаматтық. Әуежай терминалы стратегиялық нысанға қазір жатқызылмағанмен – өте маңызды нысан.

Елдің қауіпсіздігі үшін әуежайларды жекеге беруді тоқтату қажет

Жантас Набиоллаұлын алаңдатқан әрі жаңа әуежай иесінен сұраған мәселесі – мұрагерлік.

Адам мәңгі өмір сүрмейді. Азаматтық заңнама бойынша мүлкін мұрагерлері иеленеді. Ал стратегиялық нысанға байланысты орын иесінің мұрагерлері кім? Отбасы бар ма? Қилыбаев отбасының бар екенін айтты. Ал ғайыптан оқыс оқиға болса, үлесі серіктестер арасында үлеске түседі. Екі пайызды иеленген адам сатып ала ма, әлде 49 пайызды иеленген ресейлік компания сатып ала ма? Егер мұрагерлері иеленсе, олар серіктестеріне сатып жібермей ме? Бұл сұрақтарыма Қилыбаев жауап берген жоқ. Шығатын қорытынды – әуежай терминалдарын стратегиялық нысан қатарынан шығару Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігіне қайшы келеді. Бұл ұшу-қону жолақтарының қатарына болашақта терминалдарды қайтадан қостыру керек. Егер бұған дейін ешкімге сатылмаған, берілмеген терминалдар болса, мемлекет меншігіне алып қалуымыз қажет, - дейді.

Жантас Набиоллаұлының ұсынысы – мемлекеттен арнайы жауапты мекеме құру немесе бар мекемелерге қатаң жауапкершілікпен ұйымдастыруды тапсыру. Себебі Қазақстанда санаулы әуежай бар. Жиырма шақты әуежайды дамытуды мемлекет өзінің стратегиялық бағыты деп алмайтын болса, онда жай ұшу алаңдарын ұстап отыру ақылға қонымсыз. Жергілікті халыққа қызмет көрсетуді бірге қосып дамытпаса, ұшу жолағы мен терминал бөлек-бөлек дамымайды. Мемлекетте қауіпсіздік бәрінен жоғары тұруы тиіс.

Елдің қауіпсіздігі үшін әуежайларды жекеге беруді тоқтату қажет

 Біріншіден, терминалдардың барлығын мемлекет өзі салып берді. Яғни белгілі бір кәсіпкерлердің кәсібіне миллиардтап ақша салу. Оның үстіне шетелдік компанияларға. Қазақстандық компанияларға берсе, жалақы да, пайдасы да, салық та осында қалады. Сонда шетелге қаржымыз кетпес еді. Жеке кәсіпкерлердің, соның ішінде шетелдіктердің тұрақты болуына ешкім кепілдік бере алмайды. Мұрагерлік дау болса, ұрпақтары ол кәсіпті жалғастырмауы не тұралатып тастауы мүмкін. Сол кезеңде әуежай қызметін пайдаланатын халық зардап шегеді. Оның артында мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі тұр.

Екіншіден, әуежайды дамытуға әкелінетін шетелдік технология да бір әуежайға сатып алғаннан гөрі, жиырма шақты әуежайға қатар әкелсе арзан әрі тиімді болар еді. Барлығының технологиясы бірдей болса, оларға сервистік қызмет көрсету де жеңілдейді. Ұшақ билетінің құнын да мемлекет реттей алар еді. Ал жеке компания бекіткен бағаны өзгерту барлық кезде оңай емесін көріп отырмыз.

Үшіншіден, ұшып жатқан адамдардың дені өзі азаматтарымыз, шетелдіктер де бар. Олардың қауіпсіздігіне мемлекет жауап беруі тиіс. Азаматтардың өміріне жауапкершілікті жеке компаниялардың мойнына іліп қою дұрыс емес.

Төртіншіден, Қазақстан әлеммен тас жол, темір жол және әуе жолы арқылы байланысады. Әуе қатынасын дамытқан сайын терминалдарды, ұшу-қону жолақтарын көбейтіп, үлкейту қажеттілігі туындайды. Қатынас дамыса, Орал әуежайындағы терминал өте кішкентай болады. Экономикалық тиімді жағы – әуе жүк тасымалы бар, түрлі компанияларымен келісім жасауды мемлекет өз қолына алуы керек. Біз инвесторлардан даму жобасын күтіп жүре берсек, мемлекет өзінің халықаралық қатынастардағы мүмкіндіктерінен айырыла береді.

Бесіншіден, әуежай арқылы өтіп жатқан жүктің бәрі мемлекет қадағалауында болуы маңызды. Геосаяси күрделі кезеңде, көрші елдерде соғыс болып жатқанда, қай мемлекет те соғыс жағдайында қару-жарақ тасуы мүмкін. Мұндай жағдайда жеке компаниялар кінәлі болып, мемлекет сырт қалып, нәтижесінде мемлекеттің зардап шегу қаупі бар.

Осындай жағдайларды екшей келе, әуежайлардағы терминалдарды стратегиялық нысан қатарына қайтарудың қаншалықты маңызын түсінуге болады. Әлі сатылмағандары болса, мұны тоқтату қажет. Сатылғандарды қайтару үшін келіссөздер жүргізілуі керек. Үкімет қаулыларын өзгертсе дейміз, - дейді Жантас Сафуллин

Мамандығы заңгер Жантас Набиоллаұлының айтуынша, терминалдың үстіне әуежайдың атын жазып қою мен оның стратегиялық нысан қатарына жатпауы – заң жүзінде бір-біріне қарама-қайшы. «Әуежай мен терминал бөлек ұғым болса, әуежайдың атын ұшу-қону жолағына жазып қойсын» дейді ол.

-Стратегиялық нысанға үлескер болатын шетелдіктердің шынайы ниетін, арғы пиғылын бәрібір біле алмаймыз. Сондықтан келешек ұрпаққа мәселе емес, жарқын мүмкіндік қалдыруымыз қажет, - деді Жантас Сафуллин.

Еске сала кетсек, қазір Қазақстанда барлығы 21 әуежай бар. Оның 8-і жеке меншікке өткен. Былтыр Үкімет былтыр 2023-2025 жылдары жекешелендірілетін әуежайлардың тізімін жариялап, мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталына орналастырды. 2023 жылы Абай облысының орталығы Семейдің әуе қақпасы, 2024 жылы Өскемен және Павлодар әуежайы, Хиуаз Доспанова атындағы Атырау әуежайы және Қостанай халықаралық әуежайлары жекенің қолына көшпек. Ақтөбедегі «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайының» 2024 жылы желтоқсанда сату құқығымен сенімгерлік басқаруға беру арқылы жекенің қолына беру жоспарланған. 

Өзгелердің жаңалығы