Елдің мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған сайт ашылды

29 Наурыз 2024, 17:29
397
Бөлісу:
Елдің мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған сайт ашылды
Фото: facebook.com/Aida Balayeva

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған сайтты таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрметті достар, жағымды жаңалығымыз бар! Қазақ мәдениеті мен тарихына арналған «Qazaq Culture» жаңа сайтын іске қостық. Ақпараттық-танымдық портал Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, елдің мәдени мұрасын насихаттау мақсатында құрылды.  Сөз жоқ, «Qazaq Culture» сайтын ашу  – Қазақстанның мәдени мұрасы мен сан түрлі ерекшелігін, ұлттық брендін әлемге танытуда жасалған маңызды қадам. Ел ішінде де, алыс-жақын шет елдерде де мәдени құндылықтарды насихаттау – Мемлекет басшысының ведомство алдына қойған басты міндеттерінің бірі, - дейді министр.

Портал 8 тілде, оның ішінде БҰҰ-ның 6 ресми тілінде және қазақ және түрік тілдерінде хабар таратады.

Бұл адамның ұлтына, тіліне, тұратын жеріне қарамастан, мұражай, кітапхана, театр, ұлттық кино және музыканың алтын қорымен, көрмелермен, еліміздегі мұражай-қорықтарымен терең танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сайт пайданушылары театр қойылымдары, қазақстандық киноиндустрия, кітапханалар, мұрағаттар, туристік орындар, қолөнер шеберханалары, Қазақстанның сәулет өнеріндегі жетістіктері туралы кеңінен ақпарат ала алады, - деп хабарлады Аида Балаева.

Порталда ақпараттық технологияларға да ерекше назар аударылды.

«Qazaq Culture» көрерменге виртуалды 3D-тур арқылы Қазақстанның өңірлері мен олардың көрікті жерлерін зерттеуге жол ашады. Ал жасанды интеллектің көмегімен сайттың әрбір қонағы фотосуретін жүктеп, өзін батыр немесе Ұлы дала жауынгері бейнесінде көре алады. Сайт жұмысына сәттілік тілеймін! Мұнда әркім өзіне пайдалы әрі қызықты ақпаратты таба алатынына сенімдімін. Сайтпен танысу үшін, сілтемеге өтіңіз: https://qazaqculture.com, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы