Елді мекендердің аумағында су құбыры желілерінің құрылысы жүргізілуде – ИИДМ

17 Маусым 2022, 19:00
1751
Бөлісу:
Елді мекендердің аумағында су құбыры желілерінің құрылысы жүргізілуде – ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Парламенттік тыңдауға қатысып, ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады. 

Бұл туралы  ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы 2025 жылы халықтың сапалы ауыз суға қолжетімділігін 100 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл көрсеткішке «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында қол жеткізу жоспарланған.

Бүгінгі таңда ҚР ИИДМ елді мекендер аумағында су құбырлары желілері құрылысын жүргізуде. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сумен  жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 96 пайызды құрады. Оның ішінде ауылдық аймақтардың үлесі 93 пайыз. Жергілікті елді мекендерді ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9 пайыз) және Солтүстік Қазақстан (83,5 пайыз) облыстарына тиесілі.

Ведомство басшысының айтуынша, Ұлттық жоба шеңберінде сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз деңгейінде қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 498 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Биылғы жылы ауылдық тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 95 млрд теңге бөлу көзделген. Өз кезегінде бұл жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының ауыз сумен қамтамасыз етуін 94,7 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі халық қалаулыларының назарын ауыз сумен қамтамасыз етудегі бірқатар өзекті мәселелерге аударды.

Мәселен, тұщы су көздерінің жетіспеушілігіне байланысты Маңғыстау облысының тұрғындарына жаз мезгілінде су арнайы кесте бойынша беріледі. Бүгінде аталған өңірде тәулігіне 51 мың текше метр ауыз су тапшылығы туындайды. Аймақтың даму деңгейін ескергенде су тапшылығы 2025 жылға қарай тәулігіне 110 мың текше метрді құрайды деп болжануда.

Ал Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауыз сумен қамтамасыз ету реконструкциялауды талап ететін топтық су құбырлары арқылы жүргізілуде.

ҚР ИИДМ басшысы сөзінің соңында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі ведомствоның тұрақты әрі жіті бақылауында екендігін атап өтті. 

Еске сала кетейік, министрлік ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуді мониторинг жүргізу үшін арнайы интерактивті картаны әзірледі. Ресурс ашық әрі қолжетімді және онда сумен жабдықтаумен қамтамасыз ету, қаржыландыру, желілердің ұзындығы және тағы да басқа ақпараттар көрсетілген.

Өзгелердің жаңалығы