Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Біріккен Араб Әмірліктеріде Қазақстанның 6 азаматы жазасын өтеуде. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев мәлім етті.
Оның айтуынша, топтық қылмыс жасаған 5 азамат тонау және кісі өлімі бойынша 15 жылға темір торға қамалса, есірткі тасымалдаған бір азаматша сол елде өмір бойына бас бостандығынан айырылған.Отырыс барасында депутаттар Араб әмірліктерінің заңы бойынша өлім жазасына кесілген ел азаматтары қалай ратификцияланатыны туралы сауал қойды. Бас прокурордың орынбасары осы сауалға жауап беруге келгенде біраз мүдіріп қалды.
Біздің елде өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, мұндай жазаға кесілген азаматтың үкімін елде орындай алмаймыз. Ол сол елде қалуға мәжбүр. Ал өзге қылмыстық, әкімшілік іс бойынша халықаралық шарттарға сәйкес ратификациялау заңы бойынша елде жазаны өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Қазір Араб әмірлігінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға қатысты Бас прокуратура оларды елге қайтару жөнінде ұсыныстар даярлауда, - деп атап өтті Болат Дембаев.Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен депутаттық корпусты өлім жазасына кесілген азаматтардың өзге елде үкімі орындалғанына қатысты жауапқа көңілдері толмады. Бас прокуратурадан бұл процедураның қалай жүзеге асатыны туралы жазбаша түрде нақты жауап беру талап етілді.
Өзге елде жазаға кесілген Қазақстан азаматтары қандай жағдай болмасын өз еліне қажет екенін сезінуі тиіс. Бізге тар шеңберден шыға алмайтын заң жобалары емес, ел азаматтарының мүддесін қорғайтын жобалар қажет. Ал елге осы уақытта тек 28 азаматтың жазасын өтеуге оралуы, 104 шетел азаматының мемлекеттеріне қайтарылуы бұл салада заңның ақсап жатқандығының көрінісі, - деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.