Елден қашқан шенеунік шекарадан заңсыз өтпек болғанда ұсталды

Бөлісу:
Елден қашқан шенеунік шекарадан заңсыз өтпек болғанда ұсталды
VIDEO
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Қазақстанға Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Садуақасов жеткізілді. Ол бұған дейін Өзбекстанда ұсталған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Хабарламаға сәйкес, Садуақасов мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткеннен кейін Өзбекстанның Шекара қызметі тарапынан ұсталып, оған қатысты заңсыз кіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұрын "Тиолайн" ЖШС-ін басқарған оған іздеу жарияланғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

25 ақпанда Түркістан облысындағы "Қапланбек" шекара бекетінде Садуақасов Т.Х. Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі. Бұдан әрі істі Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайтын болады, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұрынғы Ақтау әкімінің орынбасары Тимур Садуақасов алаяқтық және лауазымды тұлғаларға аса ірі көлемде пара беруге итермелеу фактілері бойынша күдікке ілінген.

2023 жылдың шілдесінде Садуақасов пен адвокат Санат Құрманбаев лауазымды тұлғалар арасындағы байланыстарын пайдаланып, кәсіпкер Долгалев В.И.-дің бизнес-серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастау мәселесін "шешіп беруді" ұсынған.

Осы мәселені шешу үшін Садвақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға 225 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы беру туралы келісім жасалған. Алайда, параның алғашқы бөлігі – 90 миллион теңгені алған соң, олар бұл қаражатты иемденіп, өз міндеттерін орындамаған. Кейін Садвақасов Т.Х. жауапкершілікке тартылудан қорқып, соттан жасырынған, - деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Айта кетейік, 2024 жылдың ақпан айында Қаржылық мониторинг агенттігі "Тиолайн" компаниясының тең иесі Виктор Долгалевке қатысты тергеу басталғанын хабарлады.

Тергеу мәліметтері бойынша, Долгалев заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан деген күдікке ілінген.

Айыптау актісіне сәйкес, Долгалевтың жер қойнауын заңсыз пайдалануы салдарынан мемлекетке келтірілген залал шамамен төрт триллион теңгені құраса, заңсыз кәсіпкерлік қызмет (кен өндіру және сату) арқылы 23 миллиард теңгеден астам табыс тапқан.

2024 жылдың 5 желтоқсанында алқабилердің қатысуымен өткен сот Виктор Долгалев пен басқа да айыпталушыларды кінәсіз деп танып, ақтаған.

2025 жылдың 9 қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алқабилердің шешімін жойды.

Қылмыстық істі басқа құрамдағы сотта қайта қарауға жіберу. Виктор Иванович Долгалев, Данил Викторович Долгалев, Санат Нұроллаұлы Құрманбаев және Тимур Хабдуллаұлы Садвақасовқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану және оны дереу іске асыру, - деп жария етті сол кезде төрағалық етуші судья Ербар Қалиев.

Өзгелердің жаңалығы