Елордадағы танымал білім ордасы ел аумағындағы вундеркинд балалардың басын қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты XII Наурыз кездесулері басталды.
Бұл жолғы Наурыз кездесулерінің ерекшелігі – денсаулық сақтау саласына бағытталған. Жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық жас ғалымдар елордаға жиналды. Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналған.
Жастарымыздың жасаған ғылыми зерттеулерімен танысып шықтым. Өте қызықты тақырыптар қозғалған. Маған қатты ұнағаны – кейбір идеяларды шынайы өмірдегі қажеттіліктің негізгі мақсатына қарай мән беріп, соны шешуге талпыныс білдіруі. Бұл қазіргі атқарылып жатқан іс-шаралардың маңыздылығы мен оның қазіргі өмірде қаншалықты қажет екендігін айқындап көрсетеді. Жалпы, бүкіл ғылымның негізі мектепте қаланады. Оның ішінде, бүгінгі іс-шараға биология ғылымы арқау болыпты. Осы бағыттан таймай, үлкен жұмыстарды атқаруды жоспарлап, жобалау керек. Әлемдегі атақты ғалымдар, Нобель сыйлығының иегерлері де өздеріңіздей мектепте білім алған. Армандап, қиялдай білген адам еш күмәнсіз өзінің сол мақсат жолына жетуге өзіне рұқсат берсе, осы жастарымыздың болашақта медицина мен ғылым саласында есімдері белгілі ғалым болатынына сенемін, - деді іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Айта кетерлігі, Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланттары мен зерттеушілік шабыттырын көктем мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерімен тоғыстыратын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының айрықша дәстүріне айналған.
Наурыз кездесулері 2011 жылдан бері өткізіліп келеді және заманауи ғылымның жаһандық басымдықтары ішіндегі ең өзекті тақырыптарға арналады.
Биомедицина, инженерия және технология салаларына байланысты мамандықтарды таңдаған оқушыларымыз мен түлектеріміздің көбі білімдерін Назарбаев Университеті мен басқа да қазақстандық жоғары оқу орындарында жалғастырып, кейін отандық ғылым, медицина, фармацевтика, биоинженерия және цифрлық технологияларды ілгерілету жолында жұмыс істеуді жоспарлап отыр, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин.
Білім беруді тұрақты дамыту қоры жалпы білім беретін мектептер атынан жоба қорғайтын оқушылардың үлкен тобының Астанаға сапарын ұйымдастырып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен 17 тірек мектепті дамытуға қатысты мәселелер де қамтылады.
Сондай-ақ ХІІ Наурыз кездесулері барысында жас ғалымдар дүниежүзіне жетістіктерімен танылған Массимо Пиньятелли, Атакан Варол, Мей Йен Чан, Дастан Рүстемов, Айгүл Сәдуақасова, Сиамак Фазли мен басқа да отандық және шетелдік ғалымдардың баяндамаларын тыңдауға мүмкіндік болады.