Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде 351 нысан зардап шекті - ИИДМ

22 Қаңтар 2022, 14:21
1546
Бөлісу:
Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде 351  нысан зардап шекті -  ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оның ішінде мемлекеттік органдардың 45 ғимараты және 306 коммерциялық нысан бар. 

Бұл туралы  Премьер-министр Әлихан Смайылов өткізген селекторлық жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. 

Министр ғимараттар 8 өңірде: Алматы және Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында зардап шеккенін атап көрсетті. 

Әкімдіктердің алдын ала бағалауынша, зардап шеккен ғимараттарды жөндеуге және қалпына келтіруге жұмсалатын жалпы шығын көлемі 28,8 млрд теңге. Оның ішінде Президент Іс басқармасы қалпына келтіретін Президенттің Алматыдағы резиденциясын есепке алмағанда, мемлекеттік органдардың ғимараттары бойынша залал сомасы 28,7 млрд теңге болды.

Жалпы келген залал көлемі әлі де нақтылануда. Ол Алматы қаласындағы барлық жылжымайтын мүлік объектілерін толық зерттеп, бағалағаннан кейін түпкілікті анықталады. 

Министр коммерциялық нысандарға қатысты жалпы сомасы 109,2 млн теңге болатын жөндеу қажет екенін айтты. 

Бұл санаттағы залал негізінен тауарлардың бүлінуі мен жоғалуына байланысты, - деді Қ.Өскенбаев. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған комиссияның бағалауынша, жалпы ел бойынша келген шығын ғимараттарды жөндеуге кеткен шығынмен қоса мүліктің бүлінуін де есепке алғанда 136,8 млрд теңгені құрады.

Өзгелердің жаңалығы