Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Алматыда өтіп жатқан VII Еуразиялық антимонополия форумында айтты.
Оның айтуынша, елдегі негізгі экономикада нарықтық билік пен монополияландыруды болдырмас үшін бәсекелестіктің тепе-теңдік деңгейіне жету көзделген. Сондықтан жиында көтерілетін бәсекелестік төңірегіндегі мәселелер еліміздің алдағы дамуы үшін өте маңызды. Оның үстіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әділ бәсекелестікті экономиканың басты жеті бағытының бірі ретінде атап өткен еді.
Қазір нарықтағы үш ірі ойыншының түрлі саладағы үлесі 70 пайыздан 100%-ға дейін жетеді. Бұл жайында Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында атап өткен еді. Қазір нарықтағы көптеген салада орын жоқ. Олар нарықтық әдіспен жабылмаған, сондықтан кәсіпкер нарыққа кіре алмайды. Кірген жағдайда жеке монополистерге бағынуға мәжбүр, - дейді Жұманғарин.
Сонымен қатар ол елімізде ашық бәсекелестік жағдайын жасау қажеттілігі тұрғанын жеткізді. Ол үшін ұзақ мерзімді бәскелестік саясатын енгізу қажет екен.
Осыған байланысты Қазақстанда бәсекелестік саясаты қайта қаралып, оның институттық құрылымы нығайтылды. Бәсекелестік саясатты күшейту мақсатында антимонополиялық ұйымның институттық мәртебесі көтерілді. 2020 жылдың 8 қыркүйегінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды, бұл ұйым тікелей Президентке бағынады, - деді ол.
Форумға қатысып жатқан 7 елдің монополияға қарсы сарапшылары бәсекелестіктің жай-күйін бағалау мен тергеу жүргізудің жаңа тәсілдерін талқылауда.