Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шетелде ешкім университетте емес, кәсіптік колледжде білім алдым деп ұялмайды. Қайта оны тезірек еңбекке араласудың жолы деп біледі.
Бұл туралы «Желмая» интернет жобасының осы шығарылымының қонағы Кембридж университетінің түлегі, білім саласының эксперті Нұрмұхаммед Досыбаев айтты.
Мысалы, Англияда білім беру жүйесі 13 жылдық. Соңғы екі жылда университетке түсетіндер 4-5 сабақты ғана таңдап оқиды. Ал кәсіптік білім алуға ниеттілер мектепті ерте аяқтайды. Олар колледжге түсіп, 3 жыл оқып, жұмысқа орналасады. Осылайша, 20 жасында айлық алып, өз күнін өзі көреді. Мысалы, ол жақта пойыз машинисі 20 жастағы жігіт болуы әбден мүмкін. Ол аз айлық алмайды. Оған, мысалы, ақша тауып, жұмыс істеу үшін Кембриджді бәленбай жыл оқу қажет емес, - деді ол.
Оның айтуынша, бізде мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын кәсіптік колледждердің абыройы жоқ.
Өйткені олардың негізгі контингенті Ұлттық бірыңғай тестілеуге іліге алмайтындар, мектептің рейтингі түседі деп сол жаққа жіберілетіндер. Өздігімен барып оқитындар саусақпен санарлық. Ал кәсіптік колледждерге де студент керек, сондықтан ол жерде де аса іріктеу болмайды, - деді ол.Бұған дейін білім саласының эксперті Қазақстанда жалған білім мен дипломға сұраныс бар екенін айтқан болатын.