Елдегі ірі мұнай-химия зауыты әлемдік үздік ондыққа кіреді

12 Желтоқсан 2022, 12:07
713
Бөлісу:
Елдегі ірі мұнай-химия зауыты әлемдік үздік ондыққа кіреді

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін елордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлемдік өндірушілердің ТОП-10 құрамына кіретін қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін ірі мұнай-химия зауыты іске қосылды. Қуаттылығы 1,2 млн тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша базалық жобалау басталды. Келесі жылы жалпы инвестиция сомасы 1 млрд долларды құрайтын бутадиен және метанол өндіретін зауыттардың құрылысы басталу керек, - деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Айтуынша, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі тиімсіз делдалдарды алып тастаубойынша тиісті шешімдер қабылданды.

2023 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын 9 млн тоннаға дейін кеңейтуді базалық жобалау басталады. Битум өндірісі 300 мың тоннаға арттырылатын болады. Жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу бойынша Ақтөбе облысында жылу электрстанциясында 57 МВт қосылды. 2023 жылы Атырау және Қарағанды облыстарында 225 МВт іске қосылатын болады. Биыл жалпы қуаты 385 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздерінің жобасы іске асырылды. 2023 жылы қуаттылығы 157 МВт болатын тағы 14 жаңартылатын энергия көздерінің жобасын іске қосу жоспарланып отыр, - деді Үкімет басшысы. 

Белгілі болғандай, қуаты 1,2 ГВт маневрлік генерация жобалары және қуаты 440 МВт жаңартылатын энергия көздерінің жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық сәтті өткізілді.

Өзгелердің жаңалығы