Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2025-2026 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың қорытындысы негізінде еліміздің үздік олимпиадалық мектептерінің рейтингін жариялады.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, биылғы білім додасының қорытынды кезеңдері еліміздің 6 өңірінде ұйымдастырылып, оған 676 мектептен 1636 оқушы қатысқан. Қатысушылар олимпиада барысында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, өз білімдері мен қабілеттерін жан-жақты дәлелдеді.
Рейтинг арнайы бағалау жүйесі негізінде қалыптастырылды және соған сәйкес алтын медаль – 3 ұпай, күміс медаль – 2 ұпай, қола медаль – 1 ұпай болып есептелді. Нәтижесінде республика бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болған 114 білім беру ұйымы анықталды.
Осы қорытынды бойынша ел деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының көшін «Республикалық физика-математика мектебі» (РФММ) бастап, еліміздің үздік олимпиадалық мектебі мәртебесін иеленді, - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары биыл 7 алтын, 10 күміс, 25 қола медальға қол жеткізген. Жалпы саны 42 жүлде жеңіп алған РФММ «Үздік олимпиадалық мектеп» жүлдесін бірнеше жыл қатарынан ешкімге бермей келеді.
Бұл жетістік – жүйелі олимпиадалық дайындықтың, педагогикалық ұжымның кәсіби шеберлігінің және оқушылардың үздіксіз еңбегінің нәтижесі.
РФММ Қазақстандағы дарынды оқушыларды қолдау мен дамыту бағытында тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.