Елде жалдамалы жұмысшылардың саны бір жылда 23,5 мыңға артқан

3 Мамыр 2022, 23:40
1666
Бөлісу:
Елде жалдамалы жұмысшылардың саны бір жылда 23,5 мыңға артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жалдамалы жұмысшылардың саны бір жылда 23,5 мыңға артып, 6,71 млн адамға жетті. Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша елдегі еңбек нарығында көрсеткіштер оң сипатқа ие. Былтыр жұмыс күші мен жұмыспен қамтылған халық саны өскен, жұмыссыздық көрсеткіші екі жылда 4,9% деңгейінде, ал азаматтардың еңбекақысы өскен.

Ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы жұмыс күшінің саны 9,26 млн адам болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 76 мыңға көп. 

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарушы директоры Александра Молчановскаяның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрылымында 2020 жылмен салыстырғанда нәтижелі жұмыспен қамтылғандар саны 71 мың адамға көбейген, ал нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 19 мыңға қысқарған.

Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижесіз жұмыспен қамтылу үлесі 9,7%-дан 8,5%-ға дейін төмендеді. Аталған үрдіс өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың табысы бөлігіндегі оң өзгерістерді көрсетеді. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылар саны бір жылда 23,5 мыңға артып, 6,71 млн адамға жетті, – деді басшы.

Жұмыспен қамтылғандар арасында орта арнайы білімі бар адамдардың үлесі басым – 43%.  Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары жоғары білімі бар жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесімен (64-74%) және тек мектеп білімі барлардың ең аз санымен (1-2%) ерекшеленеді.

Өзгелердің жаңалығы