Республика бойынша электронды лездік лотереяны сату дүңгіршектерінің жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Азаматтар мен мемлекеттік органдардан келіп түскен өтініштерге орай Туризм және спорт министрлігі 2023 жылы екі мәрте – мамыр және қараша айларында лотерея операторы – «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ға лотерея клубтарының жұмысын және электронды лездік лотереяны ұйымдастыруды жетілдіру бойынша ұсынымдар жолдады.
Министрліктің 2024 жылғы 20 қаңтардағы соңғы ұсынымдарына сәйкес 2024 жылғы 30 қаңтардан бастап республика аумағында «Lotomatic» терминалдары/киоскілері арқылы электронды лездік лотереяны тарату уақытша тоқтатылды. Алайда, кейбір жерлерде «Lotomatic» «сары-көк» ресми терминалдарына ұқсас безендірілген жалған аппараттар заңсыз жұмыс жасауы мүмкін.
Осыған орай азаматтарды қырағы болуды және заңсыз лотерея терминалдарының қызметтерін пайдаланбауды, сондай-ақ заңсыз жұмыс істеп тұрған «Lotomatic» киоскілері немесе лотерея терминалдарын байқасаңыз министрліктің Telegram (https://t.me/stop_online_casino_bot) және WhatsApp (+7 707 9071507) чат-ботына хабарлауды сұраймыз. Әрбір өтініш лотерея операторы мен құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып мұқият қаралатын болады. Құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылады, - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Министрлік мемлекеттік органдар қоғам өкілдерінің көмегімен электронды лездік лотереялардың заңсыз қызметін тоқтатып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғай алатынына сенімді.