Елде қылмыстық құқық бұзушылықты тергеудің жаңа стандарты енгізіледі

15 Мамыр 2023, 11:12
1067
Бөлісу:
Елде қылмыстық құқық бұзушылықты тергеудің жаңа стандарты енгізіледі
Фото: BAQ.KZ

Елімізде қылмыстық құқық бұзушылықты тергеуде жаңа стандарт енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

Белгілі болғандай, өзгерістер 20 мамырдан бастап күшіне енеді.

Полиция қызметін цифрландыру және дебюрократизациялау аясында «Сарыарқа» ауданының полиция басқармасы мен Ақмола облысының Қосшы қалалық полиция бөлімінің базасында ІІМ «Полиция тергеуі» пилоттық жобасын жүргізуде. Айта кететін жайт, бұл шағын және орташа ауырлықтағы теріс қылықтар бойынша айқын қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеудің мүлдем жаңа және перспективалы стандарты, онда бірыңғай есеп үшін барлық тергеу әрекеттерін бейнетіркеу жүргізіледі. Ол азаматтар үшін тергеудің жеделдігін қамтамасыз етеді. Теріс пайдалану мен құқықтарды бұзу тәуекелдерін азайтады, дәлелдемелерді бұрмалаудан қорғайды, тергеудің объективтілігі мен сапасын арттырады, - деп атап өтті министрлік өкілі.

Айтуынша, бұл формат әсіресе қызметкерлер үшін ыңғайлы. Өйткені ол тергеу әрекеттерін хаттамалауды болдырмайды және тергеу уақытын үнемдейді.

Хаттамада полицейге техникалық құралдарды қолдану, өткізу уақыты туралы ақпаратты, сондай-ақ деректердің қысқаша мазмұнын көрсету жеткілікті болады. Бұл полиция тергеуінің бейнеформатына ауысуға мүмкіндік береді. Онда қылмыс орнына бірінші келген кез келген қызметкер есеп жасай алады. Қысқаша хаттаманы енгізу тергеу әрекетін жүргізу уақытын 5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Бейнежазба қылмыстық іске қоса тіркеледі және егер техникалық мүмкіндік болса, цифрлық жеткізгіштерде сақталады немесе СДТБТ-ға жүктеледі. Бұл өзгерістер 20 мамырдан бастап күшіне енеді, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Өзгелердің жаңалығы