Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында айтты.
Елімізде құрылыс материалдары индустриясы белсенді дамып келеді. Сектордың өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі - 6% пайыз.Бүгінгі таңда республикада құрылыс өнімдерін 1965 кәсіпорын өндіреді. Оларда 29 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Құрылыс саласы дамыса, құрылыс өнімдеріне қажеттілік те артады, - деді ол.
Министр елімізде соңғы 11 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 2,5 есеге өскенін айтты.
Құрылыс саласының өсімі "Нұрлы жер", "Нұрлы жол", "Индустриялық-инновациялық даму" бағдарламалары, "Жұмыспен қамту" жол картасы аясында ауқымды инвестицияларға, ірі әлеуметтік-мәдени шараларды іске асыруға негізделген, - деді ол.
Ол атап өткендей, құрылыс саласының қарқынды дамуы нәтижесінде құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 3,3 есеге артты.
Құрылыс материалдары өндірісі көлемін ұлғайту үшін ауқымды инвестициялар мен жұмыс істеп тұрған өндірістерді технологиялық қайта жарақтандыру қажет.
Бүгінгі таңда құрылыс индустриясының дамуын тежеп отырған өзекті мәселе кейбір құрылыс материалдары бойынша импорттың жоғары үлесі, өндірістік қуаттардың толық жүктелмеуі,өнімді өткізу кепілдігі жоқ, сауда алаңдары туралы ақпараттандыру төмендігі, - деді ол.
Министр негізгі материалдардың құрылыс өнімдеріне нарықтың сұранысы 934 млрд теңгені құрағанын айтты.
Отандық кәсіпорындар 586 млрд теңгеге құрылыс материалдарын өндірсе, 348 млрд теңгеге импортталады (нарықтағы импорт үлесі 37%). Нарық сұранысын қамтамасыз ету үшін 33 жаңа жоба іске асырылуда. Оның ішінде 8 жоба импорт алмастыруға бағытталады. Ол жобаларды іске асыру нәтижесінде импорт үлесін 15% пайызға төмендету және тұрғын үй құрылысында отандық өнімдерді қолдануды 90% пайызға арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта нысандарды салу кезінде құрылыс материалдарының 11 түрі жоғары сұранысқа ие. Әрине, елде бұл құрылыс материалдарының көпшілігі өндіріледі. Бірақ нарықтың қажеттілігін толықтай жаба алмайды, - деді ол.