Елде қазақ тілін білетіндер саны 86%-ға жетті – Мәулен Әшімбаев

15 Қазан 2021, 11:58
1948
Бөлісу:
Елде қазақ тілін білетіндер саны 86%-ға жетті – Мәулен Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елде қазақ тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 86%-ға жетті. Бұл туралы Қазақстан әлеуметтанушыларының VII Конгресінде Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

Өткен 30 жылда Қазақстан көптеген салада үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Біздің мемлекеттілігімізді құру және нығайту үшін көп жұмыс істелді. Бүгін осынау жылдар ішінде Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты деп толық сеніммен айта аламыз, - деп айтты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикері атағандай, мемлекеттік басқару жүйесінде, экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда айтарлықтай өзгерістер болды. Өзінің орнықтылығы мен тиімділігін көрсеткен сыртқы және ішкі саясат моделі қалыптасты. Реформалар парадигматикалық әлеуметтік өзгерістерге ықпал етті. Қазақстандық қоғамның құрылымы түбегейлі өзгерді.

Тәуелсіздік жылдарында біздің азаматтарымыздың орташа табысы 13 еседен асты. Кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Жұмыс істеп тұрған жеке бизнес субъектілерінің саны 2021 жылдың 1 қыркүйегінде 1,4 млн-ды құрады. Бұл 2005 жылдан бастап үш есеге жуық өскен. Сонымен қатар қазақстандық қоғамның әлеуметтік стратификациясына әсер ететін маңызды тренд – урбанизация. Тәуелсіздік жылдары қала халқының саны 9-дан 11 млн адамға дейін өсті, - деді Әшімбаев форумда.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, қазақ тілін меңгерген тұрғындар саны да артқан.

30 жылда елдің демографиялық профилі, халықтың этникалық құрамы өзгерді, жаңа тілдік орта қалыптасты. Қазақ тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 86%-ға жетті. Бұл ретте қазақстандықтардың 92%-ы орыс тілін біледі. Қазақстандықтардың орташа жасы шамамен 32 жасты құрайды. Сонымен қатар өмір сүру ұзақтығы да артып келеді, - деп түсіндірді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы