Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның апталық брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір апта ішінде 2858 қылмыс жасалды, оның 1677 тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 7 кісі өлтіруді, 3 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 36 тонау және 418 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Сонымен қатар ол министрлік жыл сайын өткізетін халықтан заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды сатып алу науқанының аяқталғанын атап өтті.
ІІМ-нің халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша өткізілетін жыл сайынғы акциясы аяқталды. Іс-шара қорытындысы бойынша ішкі істер органдарына 1 087 азамат жүгініп, 1 400 бірлік атыс қаруы мен 10 мыңға жуық патронды өз еркімен тапсырған. Бұл акция 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді, осы уақыт аралығында азаматтар 54 мыңнан астам атыс қаруын, 2 млннан астам патронды өз еркімен тапсырды. Соңғы 5 жылда атыс қаруымен жасалған қылмыстардың саны 43%-ға төмендеді, - деді Шұғыла Тұрлыбек.