Елде баспана бағасы қанша болып тұр

9 Шілде 2024, 18:00
254
Бөлісу:
Елде баспана бағасы қанша болып тұр
Фото: BAQ.KZ - архив

Бір жылда (2024 жылғы маусым 2023 жылғы маусымға) жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары – 2,2%, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату 1% өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы маусымда 5,2% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үйлер бағасы Ақтөбе – 9,5%, Талдықорған – 7,2%, Қызылорда – 7,1% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (14,1%), Астана (6%) қалалары бастаса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Талдықорған (28,1%), Қарағанды (24,6%), Жезқазған (22,6%) мен Петропавл қалалары алда (22,5%).

Бір айдың ішінде (2024 жылғы маусым 2024 жылғы мамырға) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату – 0,6%, жаңа тұрғын үйді сату 0,4% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі маусымда өткен мамырмен салыстырғанда 0,3% жоғарылады.

2024 жылғы маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 32 943 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 058 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 885 мәміле жасалды. 2024 жылдың мамырымен салыстырғанда (31 071) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 6%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғысынша, Алматы (5 937 – 18%) және Астана (4 812 – 14,6%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 716 – 8,2%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 342 бірлік (1%).

2024 жылдың мамырымен салыстырғанда маусымда ең көп өсім Батыс Қазақстан (+77,3%), Солтүстік Қазақстан (+38,1%) және Атырау (+22,8%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу, көшбасшылыққа қарамастан, Алматы қаласында (-7,6%), Жетісу облысында (-6,9%) және Шымкент қаласында (-4,6%) орын алды.

2024 жылдың мамырымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 6,3%-ға (1 482 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың маусым айында пәтерлер бойынша барлығы 24 885 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 75,5%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (22,3%), Астана (18,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (9%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1-бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың маусым айында олар бойынша 9 643 мәміле ресімделген.

2024 жылдың мамыр айымен салыстырғанда, 2024 жылдың маусымында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 5,1%-ға немесе 390 мәмілеге артты. Маусымда барлығы 8 058 мәміле тіркелген. Ең жоғарғы өсім Атырау (+64,1%), Батыс Қазақстан (+52,6%) және Ақтөбе (+45,8%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Ұлытау (-22,7%) облысында, Алматы (-21,7%) қаласында және Ақмола (-11,7%) облысында орын алды.

2024 жылдың маусымында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 10,3%-ға көбейген, ол кезде 29 880 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (71,6%-ға) байқалды, ең үлкен төмендеу – Қызылорда облысында (19,5%-ға). 2024ж. қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санының 2023ж. қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда динамика 15,2%-ға жоғарылады.

Өзгелердің жаңалығы