Елде автокөлікпен көмір әкетуге тыйым салудың себебі түсіндірілді

18 Қаңтар 2023, 15:36
1202
Бөлісу:
Елде автокөлікпен көмір әкетуге тыйым салудың себебі түсіндірілді

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, былтыр отандық өңдеушілердің шикізат тапшылығы мәселесін шешуге байланысты жұмыстар жалғасын тапқан.

Жыл қорытындысы бойынша ішкі нарыққа алюминийді жеткізуге қатысты 7 келісімге қол қойылды. Соған сәйкес аталған шикізатты өңдеуден бастап, алюминий профильдерін, кабельдерді және басқа да дайын өнімдерді шығару көзделген. Жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының тауарларына мемлекеттік сатып алу процесі жүзеге асырылған жағдайда ұлттық режімнен алып тастау тетігі белгіленді. Еліміздегі болат өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жүктемесін арттыру үшін металл сынықтары мен қалдықтарын республика аумағынан әкетуге шектеу қойылды, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол полимерлі өнім өндіретіндерге қандай қолдау көрсетілгеніне тоқталды. 

Отандық полимерлі өнімдердің өндірушілерін қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ ішкі нарықтағы дайын өнімнің құнын төмендету мақсатында ПЭТ-қалдықтарын экспорттау уақытша тоқтатылды. Жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор тарапынан көмірге сұраныс артатындықтан, оның тапшылығын алдын алу мен шекаралас өңірлерден көршілес елдерге қайта сатуды болдырмау үшін көмірді автокөлікпен әкетуге тыйым салынды, - деді министр. 

Белгілі болғандай, бұл шұғыл шаралар шикізат тапшылығы мәселесін шешіп, ішкі нарықты тұрақтандыруға, отандық тауар өндірушілердің жүктемесін арттырып, еліміздегі шикізатты өңдеу мен импортты алмастыру деңгейін ұлғайтуға жол ашқан. 

Өзгелердің жаңалығы