Елде 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды

1 Қыркүйек 2022, 13:18
819
Бөлісу:
Елде 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Білім күніне арналған салтанатты сапқа қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл ол елордадағы №86 мектеп-гимназиясында өтті. Асхат Аймағамбетов балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Құрметті әріптестер, ұстаздар, ата-аналар және балалар! Сіздерді Білім күнімен, яғни жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Бұл - бәріміз үшін ерекше күн. Балаларымыздың ата-аналары үшін де ұмытылмас күн, өйткені балапандарымыз мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр. Бұл - болашаққа жасалған үлкен қадам. Бұл сонымен қатар республикамыздағы 170 мыңнан астам түлек үшін де айрықша күн. Биыл олар ҰБТ мен қорытынды емтиханға дайындалады. Біз түлектерге ҰБТ-ны 4 рет тапсыруға мүмкіндік беретін өзгерістер енгіздік. Грантқа түсу үшін түлектер ҰБТ-да екі рет бағын сынай алады. 7,6 мыңнан астам мектепте 3,7 млн-ға жуық бала тәрбиелеп отырған әріптестерімізге, ұстаздарға ерекше алғыс айтқым келеді. Балабақшаларда, мектептерде, колледждерде, қосымша білім беру ұйымдарында қызмет ететін әріптестеріміздің еңбегі орасан зор, - деді Асхат Аймағамбетов өз сөзінде.

1 қыркүйекте қазақстандық мектептерге 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Бұл былтырмен салыстырғанда 20 мың балаға көп. Жаңа оқу жылында мектеп бітірушілердің саны – 176 мың. Бұл да жоғары сыныпта оқитын оқушылардың рекордтық саны. Сондай-ақ республика бойынша оқушылардың саны алғаш рет 3,6 млн-нан асты.

Оқушылар санының артқанын ескерсек, салынып жатқан жаңа мектептердің саны да жыл сайын көбейін келеді. 1 қыркүйекте ҚР Президентінің Жолдауы аясында салынған 80-ге жуық жаңа мектеп жұмысын бастады. 2022 жылдың соңына дейін барлығы 230 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Еліміздің 7,6 мың мектебінде 380 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Президенттің қолдауының арқасында мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы