Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Елена Гартман мәлімдеді.
Оның айтуынша, ботулизм – жоғары өліммен сипатталатын, жүйке жүйесіне зақым келтіретін ауыр тағамдық токсикоинфекция. Бактериядан бөлінетін Clostridium botulinum ботулинумі бүгінгі таңда ең қауіпті биологиялық улардың бірі болып табылады.
Ботулизм қоздырғыштарының споралары топырақ немесе ішек құрамы ластанған жануарлар, құстар және балықтардан жасалынған кез келген тамақ өнімдерінде болуы мүмкін. Ауру анаэробты жағдайда сақталған (оттегінің болмауы) консервіленген өнімдер, әсіресе үйде дайындалған өнімдер, сонымен қатар шұжықтар, ысталған және тұздалған балық, бұқтырылған ет өнімдерін пайдаланғанда ғана пайда болуы ықтимал, - деді Гартман.
Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2021-2022 жылдары ботулизм ауруының жағдайлары тіркелген жоқ. Ал, жалпы Қазақстан Республикасы бойынша 2021 жылы ботулизм ауыруының 23 жағдайы тіркелген, оның ішінде үшеуі өліммен аяқталған.
Аурудың басты себебі үйде дайындалған консервіленген тағамдарды жегеннен болады. Оған атап айтқанда: тұздалған қияр, саңырауқұлақтар, маринадталған қырыққабат, сәбіз қосылған борщқа арналған көкөніс дәмдеуіштері, лечо, уылдырық, қызанақ қосылған баклажан салаттары секілді тағамдар жатады.
Осыған байланысты, ботулизмнің алғашқы белгілері байқалған кезде дәрігерге көріну қажет және ешқашан үйде өз бетімен емделуге болмайды. Оған себеп – аурудың дамуы өте жылдам жүреді, алғашқы 2-24 сағатта әлсіздік, іш ауруы, құсудың пайда болуы, көз алды торланып, бұлдырайды, бір нәрсе екеу болып көрінеді, ішкен асы тамақтан өтпей шашалады, жұтыну қиындайды, даусы қарлығып, мұрын арқылы сөйлейді. Ауырған адам дер кезінде ем қабылдамаса, тыныс алу бұлшықеттерінің сал ауруынан өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін, - деді ол.
Аурудың алдын алудың басты профилактикасы тамақ өнімдерін консервілеуде санитариялық және технологиялық қағидаларын қатаң сақтауға негізделген. Консервілеуге ластанбаған, бүлінбеген және бүтіндігі бұзылмаған өнімдер қолданылуы тиіс және де өнімдерді мұқият жуып, дайындау рецептурасын (қышқыл мен тұздың жеткілікті концентрациясы) сақтап, консервілеуге арналған банкілерді термиялық өңдеуден өткізу қажет. Сол себепті департамент өкілі астаналықтарды үй консервілерін қоғамдық сауда орындарында кездейсоқ адамдардан сатып алмауға және де қаптаманың бүтіндігі бұзылған және бомбаждың белгілері бар консервілерді тамаққа қолданбауға шақырып отыр.