Елбасының есімі елордамыздың атауына лайық – Данияр Сүндетбаев

22 Наурыз 2019, 12:43
2513
Бөлісу:
Елбасының есімі елордамыздың атауына лайық – Данияр Сүндетбаев
Фото: автордан

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордаға Нұрсұлтан атын беруді ұсынған. Президенттің сол ұсынысын «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев қолдайды.

Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елордаға Нұрсұлтан атын беру туралы ұсынысына қатысты пікірін айтты.

«Елордамызға тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушысының есімін беруді тарихи заңдылыққа балаймын. Әлемде мемлекет негізін қалаушы басшысының есімімен сол ел астанасын атау тәжірибесі бар. Мысалы, АҚШ мемлекетін алайық. О жақта да мемлекет негізін қалаушы президенті Джордж Вашингтон есімімен АҚШ астанасының атауы Вашингтон аталған. Мұның еш сөкеттігі жоқ. Елордамызға Елбасының атауын беруде еңбегі сіңді. Әбден лайық. Астана –қазақстандықтардың постзаманауи кеңістіктегі алғашқы қаласы. Біз көшпенділер ұрпағы үлкен жолды жүріп өттік. Астана – постзаманауи кеңістікте Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылығымен тұрғызылған бірінші қала», - дейді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев.

Еске салсақ, 20 наурызда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мынадай ұсыныс айтқан болатын.

«Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Елордамызға біздің президентіміздің есімі беріліп, Нұрсұлтан деп аталуы тиіс. Бұндай ұсыныс бұрын да парламентарий, парламент депутаттары тарапынан айтылғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар елордамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент орнатып, барлық облыстық қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімін беруді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол күні Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдап дауыс берді.

Өзгелердің жаңалығы