Елбасы туралы заңның күші жойылды - Конституциялық сот

11 Қаңтар 2023, 09:06
1122
Бөлісу:
Елбасы туралы заңның күші жойылды - Конституциялық сот

Конституциялық сот Парламент депутаттары тобының өтінішін қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конституциялық соттың сайтындағы мәлімет бойынша, депутаттар тобы 5 қаңтарда Конституцияның 62-бабының 4-тармағына ресми түсініктеме беруді сұрады. Сондай-ақ депутаттар "Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма" деген сұраққа жауап беруді сұрады.

2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады, - делінген Конституциялық соттың қаулысында.

Еске салайық, Мәжіліс 2022 жылғы 28 желтоқсанда Тұңғыш Президент - Елбасы туралы заңның күшін жою туралы құжатты қарауға қабылдады.

46-баптың 4-тармағында мынадай сөздер болған: Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.

Өзгелердің жаңалығы