Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының шешімімен Данияр Талғатұлы Ақышев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Данияр Талғатұлы Ақышев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі болып тағайындалсын.
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев
Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 9 сәуір
№5
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Өкімімен Данияр Талғатұлы Ақышев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметінен босатылды.
Данияр Ақышев:
-
Туған жылы: 1976 жылғы 25 мамырда
-
Туған жері: Алматы қаласы
Білімі: 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша үздік аяқтады (мамандануы – банк ісін ұйымдастыру).
Еңбек жолын Орталық Азия қор биржасында маман ретінде бастады.
1996-2003 жылдар аралығындағы кезеңде ҚР Ұлттық банкінің Зерттеу және статистика департаментінде түрлі лауазымдар атқарды, 2003-2007 жылдар аралығында осы Департаментті басқарды.
2007 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2014 жылғы тамыз – 2015 жылғы тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі лауазымын, 2015 жылғы тамыз – 2015 жылғы қараша аралығында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісінің міндеттерін уақытша атқарушы болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 2 қарашадағы №109 Жарлығымен Д.Т. Ақышев Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы болып тағайындалды.
2019 жылдың 25 ақпанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағалығынан босатылды.