Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы қоғам қайраткері, Мәжілістің бұрынғы депутаты Жандар Кәрібайұлы айтты.
Депутаттар тарапынан қолдау тапқан жобалар одаққа бағынышты болып келген республиканың орталық басқару органдарына дербес экономикалық билік тізгінін беруге құқықтық негіз жасады. Меншік туралы заңның 20-бабына сәйкес, табиғи ресурстар мен жер Қазақстан Республикасының меншігінде деп танылды, - деді ол.
Жандар Кәрібаев бұл одақтың құрсауында тұрған кездегі шын мәніндегі революциялық шешім болғанын жеткізді. Осының нәтижесінде базалық стратегиялық салаларға қатысты өндіріс орындарына бұрын қалауларынша үстемдік етіп келген Мәскеудегілердің құзыры жүрмей қалды. Елбасы олардың алдын орап кетті. Ал банктер туралы заң экономиканы жаңа кезеңге қарай қаржы-несиелік реттеудің жаңа моделінің құқықтық негізін қалады. Соның арқасында нарықтық экономиканың негізгі атрибуты – мемлекеттік банктермен қатар, екінші деңгейдегі коммерциялық банктерге жол ашылды. Мемлекеттік банкке қаржы несиелерін қадағалап, бағаның тұрақтануына ықпал ету, коммерциялық банктерге бақылау жасау құқығы берілді. Ең бастысы – Қазақстанның мемлекеттік банкі айналымға ақша шығару монополиясына ие болды.
Экономикалық тәуелсіздігіміздің негізгі шарттарының бірі әрі бірегейі болған бұл қадам 1993 жылы төл теңгемізді шығаруға әсер етті. Тәуелсіздік таңы атқанын жұрт төл ақшамыз айналымға шыққанда шын сезінді. Міне, содан бері 26 жыл өте шықты. Қазір дүниежүзі қазақ деген халықтың бар екенін біледі. Әлем картасынан Қазақстанды, елорданы жазбай тани алады. Бастысы, шетел саясаткерлері тәуелсіз еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер Көшбасшы екенін мойындады, - деді спикер.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, Тәуелсіздік алған посткеңестік елдерден Қазақстанның ерекшелігі – 1997 жылы ТМД елдерінің ішінде алғаш болып қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін "Қазақстан-2030" стратегиялық бағдарламасын қабылдағаны. Сондай-ақ, оны тарихи қысқамерзімде жүйелі түрде жүзеге асырып, әлемдегі озық 50 елдің қатарына қосылып, қоғам дамуының "Қазақстандық жолы" деп аталатын моделін қалыптастырғаны дер едім. Қазір мемлекетіміз қоғамдық сананың жаңғыруын рухани жаңғырумен ұштастырып, дамудың даңғыл жолын ұстанды. Көздеген межеміз – әлемдегі іргелі 30 елдің сапынан орын алу.
Ұлт Көшбасшысы ұстанған саясат Қазақстанды экономикалық, демократиялық және де әлеуеметтік реформалар жағынан аймақтағы көшбасшы атануына жол ашты. Бұл – Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап ішкі және сыртқы саясаттағы іс-әрекеттерді сабақтастыра жүргізгенінің жемісі. Соның арқасында мемлекетіміз табиғи байлығы өзінікімен тең Оңтүстік Америка құрлығындағы елдердің бодандықтан құтылғалы бергі бір ғасырдан астам уақыттағы даму жолын небәрі он-жиырма жылдың ішінде басып өтті, - деп баға берді Жандар Кәрібаев.
Оның сөзінше, қазір бізде демократиялық үрдістер жаңаша пайымдалады. Жиырма сегіз жылға жуық уақытта елімізде нарықтық экономикаға түпкілікті таңдау жасалынып, қаржы жүйесі қалыптасты. Рухани бірлік, саяси тұрақтылық, азаматтық келісім орнықты. Өндіріс орындары қайта жанданып, орта және шағын кәсіпкерлік еңсесін тіктей бастады. Ерлікке пара-пар шешім қабылданып, астанамыз Сарыарқаға көшірілді. Шығыста Қытаймен, оңтүстікте және батыста, алыс, жақын шетелдермен дау-дамайға ырық бермей, есемізді жібермей шекарамызды бекітіп алдық. Семей полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық. Қазақстан Республикасының армиясы құрылды. Қысқа мерзімде Қазақстанды халықаралық қауымдастық түгел танып, мойындайтындай, ғаламат тірліктер атқарылды.
Бүгінде республикамыз Елбасының бастауымен сыртқы саясатта да елеулі табыстарға қол жеткізіп отыр. Қазақстанның ұйымдастыруымен әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары алғаш рет Нұр-Сұлтанда бас қосты. Сол арқылы түрлі дін мен конфессиялар өкілдері арасында байланыс құрылып нығайды. Еуропадағы Ынтымақтастық пен қауіпсіздік Ұйымына төрағалық ету мәртебесіне ие болғанда жас мемлекетіміз өз мүмкіндігі мен қабілетін айқын көрсетті. Қазақ елі Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы идеяның бастамашысы болды. Нұр-Сұлтанда әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымы қатысқан "ЭКСО-2017" көрмесін дүркіретіп өткізді. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының ұстанымы – халықаралық прогрессивті бастамаларды қолдап, жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосу және одан танған да емес. Ұлт Көшбасшысының Біріккен ұлттар ұйымының биік мінберінен "Әлем. ХХ1 ғасыр" манифесін әлемге жария еткені – соның дәлелі, - деді Жандар Кәрібайұлы.
Бұрынғы мәжілісмен Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік деңгейдегі саясаттың кемеңгері екендігінің дәлелі ретінде тағы бір-екі мысал келтірді. Тоқсаныншы жылдары Кеңес дәуірі келмеске кетіп, одақ ыдырап жатқан кез екен. Осы шақта Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы тұйықтан шығар жолды тапқандай болған. 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда Елбасының бастамасымен бұрынғы 11 одақтас республика көшбасшылары Кеңес Одағының ыдырағаны туралы және жаңа геосаяси құрылым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қол қойып, 70 жыл бойы қалыптасқан дамуға ыңғайлы қатынастарды сақтап қалды.
Тағы бір мысал. Сонау 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде посткеңестік елдер басшылары бас қосқан жиында Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Еуразиялық мемлекеттер одағын қалыптастыру туралы" жобасын таныстырды. Бұл идея кейін өзінің өміршеңдігін көрсетті, - деді ол.
Қоғам қайраткерінің айтуына қарағанда, Қазақстанда ұлттар мен ұлыстардың өз тілін, мәдениеті мен дінін сақтап, дамытуына толыққанды жағдай жасалған. Ұлтаралық келісімнің базалық институтына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылғаны белгілі. Соның арқасында кейбір елдердегідей тыныштығымыз кетіп, тынысымыз тарылған жоқ. Біртұтас ұлт идеясы – жаңа қазақстандық отансүйгіштіктің негізгі өзегі.