Елбасы металлургия саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

17 Шілде 2021, 09:51
1839
Бөлісу:
Елбасы металлургия саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлерін металлург күнімен құттықтады.

Құрметті металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күнімен құттықтаймын!

Металлургия – ұлттық экономиканың басты саласының бірі, мұнда өз ісіне шын берілген, қажыр-қайраты мол, жауапкершілігі жоғары жандар еңбек етеді.

Бұл – адамның мінезі мен ерік-жігері шыңдалатын, мақсатқа жету жолындағы табандылығы мен қайсарлығы қалыптасатын жер.

Кезінде өзім де осы өмір мектебінен өтіп, бай тәжірибе жинағанымды мақтан тұтамын. Менің кейінгі қызмет жолымда оның пайдасы тиді.  

Металлургия саласындағы мамандардың еңбексүйгіштігі, қайсарлығы және табандылығы зор құрмет пен шынайы алғысқа лайық.

Сіздер өз жұмыстарыңыз арқылы Қазақстанның экономикалық әл-ауқатының артуына сүбелі үлес қосып келесіздер.

Қажырлы еңбектеріңіз бен асқан шеберліктеріңіз алдағы уақытта да еліміздің өркендеуіне септігін тигізе беретініне сенімім зор.

Сіздерге мол табыс, дендеріңізге саулық және бақ-береке тілеймін!  

Өзгелердің жаңалығы