"Елбасы медалінің" иегерлері ЖОО грантын иемдене алады

17 Маусым 2020, 16:27
2255
Бөлісу:
"Елбасы медалінің" иегерлері ЖОО грантын иемдене алады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл медаль жастарды ынталандырып қана қоймай, олар жоғары оқу орнына тапсырған кезде басымдыққа ие болады. Яғни, медалі бар жастардың мемлекеттік гранттар мен әкім грантын иеленуге құқығы бар. 

Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн брифинг кезінде айтты.

Оның айтуынша, 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы белсенді және талантты жастарды қолдауға бағытталған жалпыұлттық "Ел үміті" бастамасын көтерді. 

Жаңа бастама аясында Тұңғыш президент - Елбасы қоры бірнеше тың жобаны іске асырды. Қазірдің өзінде ауыл балалары үшін "Мың бала" пәндік олимпиадасы жүріп жатыр. Дарынды балаларды демеу үшін қабілет, кәсіби бағдарлау құралы секілді жобалар іске асуда. Бүгін "Елбасы медалі" жайында айтпақпыз. Ол өсіп келе жатқан буынды тәрбиелей отырып, олардың жан-жақты дамуына арналған. Үкімет қаулысымен бағдарламаға қатысу ережесі бекітілді. Бағдарламаның әкімшісі ретінде Тұңғыш президент қоры тағайындалды, - деді ол. 

Бағдарламаға қатысушының әрқайсысына 7 бағыт бойынша өзін дамыту ұсынылады. Оның ішінде спорт, кітап оқу, волонтер болу, ұлттық мирас, еңбек өтілі мен туристік саяхат бар.

Сонымен қатар, ол аталған бағдарламаны әзірлеуде әлемдік ең мықты тәжірибелер ескерілгенін айтты. 

Оған қатысатындардың жасы 14-29 жас аралығында болу қажет. Тұрғылықты мекені, білімі маңызды емес. Яғни, "Елбасы медаліне" мақсаты бар белсенді жастар қол жеткізе алады. Оған қатысу үшін онлайн платформа арқылы сайтқа кіріп, қола, күміс немесе алтын кезеңін таңдау арқылы тіркеле алады. Оған сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қатыса алады, - дейді Жұманов.

Алматыда "Елбасы медалі" бағдарламасын іске асыруға бар жағдай жасалған. Қала әкімі жастардың осы бағдарламаға қатысуы үшін қажетті қаржыны бөлген. Қала бойынша қазірдің өзінде 578 жас бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген.

Өзгелердің жаңалығы