“Елбасы медалінің” атауы өзгереді

18 Сәуір 2023, 06:41
860
Бөлісу:
“Елбасы медалінің” атауы өзгереді
Фото: nis.edu.kz

Жас спортшылар, еріктілер және көшбасшы жастарды ынталандыру мақсатында берілетін "Елбасы медалінің" атауы “Ел үміті” болып өзгереді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжат “Ашық НҚА” порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұған дейін тек "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры" табыстап келген медалді енді Оқу-ағарту министрлігі береді.

Сонымен қатар жас айырмашылығына да өзгеріс енгізілген. Яғни, 29 жасқа дейін берілетін медальді 35-ке дейінгі азаматтарға да табыстау жоспарланған.

Оқу-ағарту министрлігі 14 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын ұйым (әкімші) болып айқындалсын, – делінген құжатта.

Өзгеріске 2023 жылғы 13 ақпанда "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" ҚР Конституциялық заңының күшi жойылуы себеп болған.

Өзгелердің жаңалығы