«Елбасы медалі» жобасының 605 иегері ЖОО білім гранттарын алды

17 Тамыз 2021, 16:20
4178
Бөлісу:
«Елбасы медалі» жобасының 605 иегері ЖОО білім гранттарын алды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы медалінің 821 иегері білім беру гранттарын алу конкурсына қатысты, оның ішінде 605 талапкер «Елбасы медалі» жобасының арқасында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлады Елбасы қоры.

Гранттардың ең көп бөлігін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, сондай-ақ, Қызылорда және Павлодар облыстарынан келген болашақ студенттер алды. Ал жүлдегерлер арасында ең танымал оқу орындары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Сүлеймен Демирел атындағы Университет және Astana IT University.

Биыл мен таңдаған мамандыққа грант аз бөлінді. Ең төменгі өту балы 125-тен 123-ті құрады. Мұндай жоғары бәсекелестікке таңғалдым. Алайда, өткен жылы «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысып, қола медаль алдым. Бұл медаль маған грантқа түсу кезінде басымдық берді, - деді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің талапкері Динара Болатова. 

«Елбасы медалі» жобасына барлығы 21 мыңнан астам бала қатысты. Оның ішінде 6 078 қатысушы бағдарламаны аяқтап, қола және күміс медальдарды иеленді. 

Елбасы Академиясы жобаларының әрбір қатысушысы – біздің мақтанышымыз. «Елбасы медалі» жобасы дарынды жастардың, әсіресе, ауыл балалары үшін болашақ табыстарға жетуіне маңызды қолдау болатынын көріп отырмыз. Жақын арада осы мақсатта тағы да бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір жас қазақстандықты жобаларға қатысуға шақырамыз, - деді «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амрин. 

«Елбасы медалі»  – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жоба. Бағдарлама 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхат мен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған.


 

 

Өзгелердің жаңалығы