Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Қазақстанның ел болып қалыптасу жолында президент институтының маңызы зор екенін айтты.
Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, ҚР Конституциялық Кеңесі, Сорбонна-Қазақстан институты, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтымен бірге "Президенттік басқару формасы: конституциялық негізі және саяси практика" атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясын өткізді.
Конференция барысында ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев қазақстандықтарға Елбасы қоры атынан алғыс білдіре отырып, елдің қалыптасу жолында президент институтының маңызы зор екенін айтты.
Мықты президенттік басқару институты елімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік модернизацияны сәтті іске асыруға жағдай жасап, ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етті. Қазақстандағы президенттік институттың өзекті бағасын беру өте маңызды. Заманауи Қазақстанның тарихындағы маңызды рөл ең алдымен, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына тиесілі. Өйткені, ол Қазақстанның мемлекеттілігінің негізін салушы. Нарықтың экономикаға ауысу, демократиялық қоғам құру және ұлттың өзін-өзі түсінуін саналы түрде қалыптастыру, толеранттылық пен келісімнің беріктігі – еліміздің қалыптасу жолында негізгі мақсат-міндетіне айналды, - деді ол.
Қанат Несіпбайұлының айтуынша, Тәуелсіздік жылдары негізгі стратегиялық шешімдер мен маңызды мәселелер Елбасының тікелей қатысуымен қабылданған.
Елбасы халықты таңдалған бағыттың дұрыстығына сендіре алды. Конституциямыз қабылданды, ұлттық валюта енгізілді. Қарулы күштер құрамы жасақталды. Ұлттық қор қалыптасты. Қазір көзіміз жеткендей, бұл дана шешім болды. Тұңғыш президенттің басшылық еткен жылдары Қазақстан халықаралық қауымдастықтың өте жауапты және құрметті мүшесіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаев – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК), Еуразиялық экономикалық одақтың, Түрік кеңесінің құрылуына инициатор болды. Бүгінде Қазақстандағы Президент институтының 30 жылдығында Президенттік басқару формасы қазақстандық мемлекеттіліктің негізгі іргетасы болғанын толық сеніммен айтуға болады, - деді Қанат Несіпбайұлы.
Айта кетейік, конференция жұмысына беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері, Еуропа кеңесі Венеция комиссиясының мүшелері, құқық қорғау саласы мамандары, ТМД және өзге де алыс-жақын шетелдердің мамандары, оқытушылар және студенттер қатысты.