Елбасы біздің темірқазығымыз іспеттес – іскер әйел

24 Наурыз 2019, 10:36
2958
Бөлісу:
Елбасы біздің темірқазығымыз іспеттес – іскер әйел

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Күні кеше еліміздің бас қаласы Елордаға қазақ елінің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысының есімі беріліп, ұлы тұлғаның есімі ұлықталған болатын. Осыған орай «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облысының филиалы Саяси Кеңесі бюросының мүшесі, қоғам белсендісі, іскер әйел Айгүл Түркина пікір білдіріп, тарихи шешімді қолдайтындығын айтты.

 Ел астанасының «Nur-Sultan» аталуынан тек жаңғыру жолын көрген Айгүл Түркина бұл шешімнің дұрыстығына күмәнданбайды.

«Бұл өзгерістерді жүрекпен сезіну қажет деп ойлаймын. Елбасының өкілеттілігін тоқтату жайлы шешімін естігенде еліміздің әрбір тұрғынының жүрегі дір еткеніне сенімдімін. Яғни, әрқайсысымыз Нұрсұлтан Әбішұлының біз үшін орасан күш екендігін іштей сеземіз. Ол шыныменде біздің темірқазығымыз іспеттес. Ал енді астананы оның есімімен байланыстыруға қарсылық білдіру, біздің менталитетіміздің кемшін тұсы деп ойлаймын. Бұл ой қазақ халқының тарихы мен қазақтың бүгінгі заманауи болмысын зерделей келе туындады. Өкінішке қарай, біздің қанымызда мұндай бар. Неге екендігін білмеймін, мүмкін мәдениетіміз төмендеген шығар», - дейді қоғам белсендісі.

 Айгүл Серікқызының сөзінше, мемлекетіміздің жаңа астанасының іргесі қаланып, Орталық Азияға ғана емес әлемге танымал қалаға айналуына тікелей Н.Назарбаев себепші.

«Қазақ айтады: «жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды». Сондықтан да, әрдайым қасымызда жүргендіктен жақсылардың жақсылығы байқалмайды. Шындығында біз Елбасымен мақтануымыз керек. Еліміздегі қиын қыстау күндерде жанымыздан табылған, қандай жағдай болмасын ұлтымен бірге болған ұлы тұлғаны мақтан тұтуымыз керек. Ол бізге бөтен емес қой. Нұрсұлтан Әбішұлымен біздің қанымыз бір. Ендеше Тұңғыш Президентіміз қандай құрметке болса да лайық. Тағы бірде «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Еліміздің бірлігін, халқымыздың мәдениеттілігін көрсететін уақыт келді деп ойлаймын. Болашақта мен дамыған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, тыныш елде өмір сүріп, туған жерімнің таза ауасымын тыныстағым келеді», - дейді Айгүл Түркина.

Өзгелердің жаңалығы