Халық жағдайын ойлап, көмек көрсетіп жатқан ел үкіметіне алғыс айтамын – ардагер

21 Сәуір 2020, 16:25
2385
Бөлісу:
Халық жағдайын ойлап, көмек көрсетіп жатқан ел үкіметіне алғыс айтамын – ардагер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін ешкімге шағымданып, қол жайған адам емеспін. Дегенмен, елеп-ескеріп көмек көрсетіп жатқан әкімдік қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бұл туралы Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны әрі Ауған соғысының ардагері Тұрарбек Досанов тілдесу барысында айтты.

Соғыс ардагері елдегі төтенше жағдай кезінде берілген әлеуметтік себетті алғандар қатарынан. Тұрарбек Досанов Ауған соғысының ардагері және ІІІ топтағы мүгедек.

Бұл азық-түліктің қатарында күріш, қарақұмық, вермишель сынды азықтар болды. Бұл көмекті ардагер болғандықтан беріп отырған болу керек. Әкімдіктен өздері хабарласып, үйге алып келді. Әйтпесе ешкімге шағымданып, қол жайған адам емеспін. Дегенмен, елеп-ескеріп көмек көрсетіп жатқан әкімдік қызметкерлеріне алғысым шексіз. Мұндай көмек жасайды деген ойымда болған жоқ. Өмірі ешкімнен ештеңе сұрап көрмеген адаммын, - дейді Тұрарбек Досанов.

Сөз арасында ол қазіргідей қиыншылық кезеңде үкіметтің халық жағдайын ойлап, аз да болса көмек көрсетіп жатқанына алғысын білдірді. 

Кеңес кезеңінде туғандықтан ба көп қиыншылыққа мойынсынбай, шыдамдылық танытатын адамдар қатарынанмын. Бәрін түсініп отырмын, халыққа да, үкіметке де оңай болып отырған жоқ. Алайда, осындай кезде халыққа қолынан келгенше, көмек көрсетіп жатқан үкіметке алғысымды білдіремін, - дейді ардагер.

Ауған соғысының ардагері осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Оның үстіне әйелі де сырқаттанып, мүгедек болып қалған.

Екі балам бар, олар да есейіп қалды. Жан жарым медицина саласында қызмет еткен, ол ауырып жұмыстан шығып қалды. Қазір мүгедек, үйде отыр. Уақыт келген сайын денсаулығың да сыр бере бастайды екен. Қазір баспана жағынан қиналып жүрміз. Үй кезегіне тұрғанымызбен кезегіміз әлі келмей жатыр. Үкімет сол жағынан ескерсе жақсы болушы еді. Өткенде әкімдіктен келгендерден де сұрадым, олар "қазір үй көп салынып жатыр, кезегіңіз келіп қалатын шығар" деп жұбатып кетті, - дейді ол.

Әлеуметтік азық-түлікпен қамтамасыз етілгендердің тағы бірі Алматы облысы Сарыөзек аулының тұрғыны Бағдат Ахмадиева. Жеті баланың анасына Атаулы әлеуметтік көмек бойынша балалар тағамы берілген. 

Бізге 1-3 жас аралығындағы балаларға арналған сүт, кашалар берілді. Айдың басында бір берілген, кейін 15 күннен соң тағы берді. Өзім жұмыс істемеймін, балаға қарап үйде отырмын. Төрт балам мектепке барады, кішісі екі жастан асты. Екі балам кәмелеттік жасқа толған. Барлығы бес балаға АӘК береді. Үкімет тарапынан жасалып жатқан мұндай қолдау аз да болса бізге көмек, - дейді Бағдат Ахмадиева.

Көпбалалы ана сөз арасында күйеуі жол құрылысында жұмыс істейтінін, карантин кезінде оның жұмысы тоқтамағанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы