Ел тыныштығын күзеткен жауынгер арулар

5 Наурыз 2021, 12:50
3754
Бөлісу:
Ел тыныштығын күзеткен жауынгер арулар
Фото: автордан

 

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі бейбіт заманда еліміздің Қарулы Күштеріндегі әскерилердің он пайыздан астамы қыз-келіншектер. Қазіргі таңда сол арулардың қырыққа жуығы Қызылорда гарнизонында Отан алдындағы әскери қызметтерін жалғастыруда. 

 

Нардың жүгін арқалап, ерлермен қатар ел тыныштығын күзеткен нәзікжандардың ісіне де, киген киіміне де сүйсіне қарайтынымыз бар. Олар жұмыста жауынгер, үйде отбасының ұйытқысы, аяулы жар, мейірімді ана, ибалы келін. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз Қазақстан әскері қатарында еңбек етіп келе жатқан аяулы жандар – аға сержант Индира Алмұратова мен ефрейтор Назерке Қыстаубаева. 

Медбике мамандығын алған Индира Алмұратова әскери салада 10 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Алғашында Жамбыл облысы Луговой гарнизоны әскери бөлімінде санитарлық нұсқаушы болып қызмет атқарған. Одан кейін Шымкент гарнизоны әскери бөлімінде жұмыс істеген. 2015 жылы Қызылорда гарнизонында әскери бөлімі ашылған уақытта жасақтау бөліміне жұмысқа қабылданып, сол жылдың желтоқсан айында Қарулы күштер қатарына қосылған. Қазіргі таңда ол Қызылорда облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің жасақтау басқармасының технигі қызметін атқарады. 

Индира Алмұратова осы сәтке дейін бірнеше қызметтік сатыдан өтіп, бүгінде өз ісінің білгір маманы атанған. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі бірнеше шараға қатысып, тәжірибе жинақтаған. 

Ел тыныштығын күзеткен жауынгер арулар


 

2017 жылы ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына және Ұлы Жеңіс күніне арналған әскери парадқа қатыстым. Сонымен қатар 2016 жылы «KADEX-2016» қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесіне, сондай-ақ «АрХО-2016» халықаралық форумына қатысып, жауынгерліктің қыр-сырын меңгердім. Бұл іс-шаралардан түйгенім көп, - дейді Индира Алмұратова.  

Жұмыспен қатар үй шаруасына үлгеріп жүрген формадағы ару қазіргі таңда бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Халыққа қызмет етуді парызым деп білетін Индира Алмұратова пандемия кезінде медбикелік ісін де қатар алып жүріп, көмек сұрағандарға қол ұшын созған. 

Пандемия кезінде халыққа медицина қызметтері ауадай қажет болды. Осы кезде медбикелер тапшылығы сезіліп жатты. Көмек сұрағандар көп болды. Қолдан келген іс болғандықтан, көмек көрсетуге әзір тұрдым, - дейді ол.  

Бүгінде Индира Алмұратова әскерге баратын азаматтармен жан-жақты дайындық жұмысын жүргізеді. Оның айтуынша, кейде қазақ жігіттерін рухтандырып, олардың Отан алдындағы борышын өтеуі міндетті екенін де еске салады. 

Ал Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінің байланысшылар взводының аға маманы, аға телефонисі Назерке Қыстаубаева әскери өмірге осыдан 6 жыл бұрын аяқ басқан. Оның бұл саланы таңдауына әкесі мен ағасы себепші болған. Олардың күнделікті тәртібі мен киген киіміне қызыққан ару алғашында полиция қызметкері болуды мақсат еткен. Алайда өмірдің ағымымен әскери қызметкер атанып, қазіргі таңда ерлермен бірге нардың жүгін арқалауда. 

Ел тыныштығын күзеткен жауынгер арулар


 

Әскери қызметкер болғаныма қуанамын. Мен өзімді басқа салада жұмыс істегенімді елестете алмаймын. Әскери қызметкер болу – қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық. Жалпы айтқанда, өзге салалармен салыстыруға келмейтіні белгілі. Бастапқы кезде менің де қиындықты бастан өткізген кездерім болды. Алғашында жолдасым менің мамандығыма түсіністік таныта алмады. Жұмысқа ерте кетіп, кеш оралатын сәттер аз болмады. Жаттығу, дайындық жұмыстары кезінде түн ауа ораламыз. Алайда уақыт өте келе барлығы бір қалыпқа түсті, - дейді Назерке Қыстаубаева.  

Сонымен қатар жауынгер ару күні бойы керзі етікпен жүріп, оқу-жаттығу дабылы кезінде бронежилет киіп, автомат асынып, ауыр радиостанция мен әскери қызметкердің жеке заттарына арналған дорбаны қоса арқалап жүретін кездер болатынын айтты. Бұл күндері таңнан кешке дейін салмағы 25-30 келілік әскери қару-құралдарды асынып жүретінін де жеткізді. 

Назерке Қыстаубаеваның айтуынша, дабыл қағылған сәтте белгіленген жерге жеткеннен кейін әркім өзіне тапсырылған заттарға ие болып, ісіне кіріседі. 

Көп қиындық артта қалды. Қазіргі таңда ерлермен қатар иық тіресе жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтамын. Әр істің өз қиындығы бар. Біздің саладағы қиындыққа қарамай, жұмыстан бас тартпай, намысқа тырысып, өз-өзіңді қамшылап алу қажет деп ойлаймын, - дейді Назерке Қыстаубаева.  

Жауынгер арулар жаны нәзік болғанымен, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ер-азаматтармен бірдей еңбек етіп жүргені – өздерінен кейінгі іні-сіңлілеріне үлгі-өнеге. 
 


 

Өзгелердің жаңалығы