Ел тарихындағы 10-қаралы күн

10 Қаңтар 2022, 08:47
7693
Бөлісу:
Ел тарихындағы 10-қаралы күн

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің 30 жылдық тарихында 10 рет аза тұту күні жарияланды. Бүгін Қазақстан Республикасында жасалған террористік актілердің салдарынан қаза болғандар үшін жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 10-қаралы күн. 

2006 жылғы 22 қыркүйекте Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде метан жарылды. Салдарынан 7 адам жараланып, 41 адам мерт болды. Қазақстан халқы алғаш рет осы оқиғадан соң аза тұтты.

2008 жылы Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты "Абай" шахтасында да  метан жарылды. Онда 14 адам ауыр жараланып, 30 адам қайтыс болды. Халқымыз 2 күн қатарынан аза тұтты. 

2010 жылғы 11 наурызда Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып, ауыл суға кетті. 45 адам қаза тауып, 370 үй жарамсыз болып қалды. 16 наурыз жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 

2012 жылғы 30 мамырда "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сары бөктер" заставасында 12 шекарашы мен қорықшы кісі қолынан қаза тапты. Осы қылмысты жасаған шекарашы Владислав Челах 11 желтоқсанда өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ұлттық аза тұту күнінің жариялануына байланысты, 5 маусымда еліміздің мемлекеттік туы түсірілді. 

2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адам бақилық болды. Екі күннен соң Қазақстан халқы жалпұлттық деңгейде қаза тапқандарды еске алды. 

2013 жылғы 29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Scat компаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы әуе рейсі жерге құлап, 21 адам көз жұмды. Осыған байланысты 31 қаңтар қаралы күн болып жариялады. 

2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында радикалды ұстанымдағы қылмыстық топ 2 қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Қарулы қақтығыс кезінде 21 адам ажал құшты. Олардың арасында 8 - қала тұрғыны, 3 - әскери адам және 13 - қылмыскер болды. 9 маусым күні қазақстандықтар тағы да аза тұтты.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының ұшағы Алматы әуежайында 2 қабатты үйге соғылып, 12 адамның жанын жалмады. 28 желтоқсан күні қазақстандықтар аза тұтты. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2020 жылы 13 шілде еліміз бойынша коронавирустан қаза болған жандарды еске алуға арналған аза тұту күн болып жарияланды. 

2022 жылы 10 қаңтар Қазақстан Республикасында жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Өзгелердің жаңалығы