Ел таңдаған президенттің басқару жолы демократиялық бағыттан таймауы тиіс

11 Маусым 2019, 11:55
1825
Бөлісу:
Ел таңдаған президенттің басқару жолы демократиялық бағыттан таймауы тиіс

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде орын алған биылғы кезектен тыс президент сайлауы, шын мәнінде ерекше болды. Себебі, Тұңғыш Президент, Елбасы бұл саяси науқанға қатысқан жоқ. Бұл оқиға сол себептен еліміздегі саяси ұйымдар мен партияларға бәсекеге түсіп, бақтарын сынауға мүмкіндік берді.

Бұл туралы turkistannews.kz сайтының бас редакторы Бекарыстан Аманжолов айтты.

«Бұл сөзіме сайлау барысында жеті бірдей кандидаттың ел президенттігіне таласуы дәлел. Бұдан бөлек, оппозиция тарапынан ұсынылған үміткердің 15%-ға жуық дауыс жинағанын айтуға болады», - деді Бекарыстан Нұрланұлы.

Қоғамның жас белсендісі саяси науқан барысында бірқатар заңсыздықтар мен жат пиғылды арандатушылардың кесірінен кейбір қалаларда қақтығыстардың да орын алғанын айтты. Алайда, халық өз таңдауын жасады.

«Қалай десек те, қазақстандықтар жыл санап өздерінің саяси сауаттылықтарының артқандығын айқын дәлелдеп келе жатыр. Бұны елдің дамуына, өркениет көшіне ілесуіне, жаһандық сын-қатерлердің, туындаған көптеген қиындықтың алдын алуға болатын орасан зор күш ретінде де, демократиялық қоғамның келесі бір алғышарты деп те қарастыруға болады», - деді бас редактор.

Бекарыстан Аманжоловтың пікірінше, халық таңдаған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқару жолы да енді осы бағыт-бағдардан таймауы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы