Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Серік Жартыбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, чемпионатқа инвесторлар, жұмыс берушілер көз тігіп отыр.
EuroSkills Gdańsk 2023 жарысына әлемнің 32 елінен 600 жас бала қатысты. Қазақстан ұлттық құрамасының сапына 28 адам енді. Біздің жастар 25 құзырет бойынша қатысты. Қазақстанның ұлттық құрамасы тарихта үздік нәтиже көрсетіп, күміс пен қола медаль және төрт медальон еншіледі. Бұл - қажырлы еңбектің жемісі, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделінің айтарлықтай өсуінің белгісі, - деді департамент басшысы.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілі жүлдегерлер ел аралап, студенттермен кездесіп, шеберлік сағаттарын өткіздік деп отыр.
Айта кетерлігі, былтыр Қазақстан Халықаралық рейтингте 14-орында болса, осы жарыстардың қорытындысы бойынша еліміз 10-орынға көтерілген.
Руслан Юсупов «Веб технологиясы» құзыреті бойынша «күміс», Андрей Степанюк пен Станислав Горицин «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» құзыреті бойынша «қола» медальды жеңіп алған.
Сонымен қатар Алуа Жарасбаева (графикалық дизайн), Ерасыл Бақытжан (CAD инженерлік дизайны), Виталий Кайль (плитамен қаптау), Ернияз Құрманбеков және Аңсар Оразғалиев (мехатроника) «Үздік медальонге» ие болды.