Ел өңірінде апаттық жағдайдағы 126 мұнай ұңғымасының көзі жойылды

20 Тамыз 2021, 13:48
3334
Бөлісу:
Ел өңірінде апаттық жағдайдағы 126 мұнай ұңғымасының көзі жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев орталық коммункациялар алаңында өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, геология саласында тәуелсіздік жылдарында елдің минералдық-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға, 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламалары іске асырылды.

Ал минералдық-шикізат кешені әлемдік нарық талаптарына толық бейімделді. Мыңнан астам кен орны пайдалануға берілді және қазіргі уақытта мемлекетке табыс әкеліп, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі күні 1630 объектісі жұмыс істеп тұр, -деді ол.

Сонымен қатар вице-министр қоршаған ортаға зиян келтіретін мұнай ұңғымаларының көзі мемлекеттік бюджеті есебінен жойылып жатқанын хабарлады.

Қоршаған ортаны ластайтын авариялық мұнай ұңғымаларын жою мақсатында 2010-2021 жылдарда ел аумағында зерттеулер жүргізілді. Тексеру барысында 132 апатты мұнай ұңғымасы анықталып , оның 126-сы жойылды, - деді Серікқали Брекешев.

Сөз соңында республикада сирек кездесетін металдарды өндіруді және өңдеуді дамыту үшін 2021 жылы құпияландыруға жататын мәліметтердің ведомстволық тізбелері қайта бекітілгенін мәлімдеді.

Бұған дейін вице-министр еліміздегі мұнайдың қорының қанша екендігін айтқан болатын.


Өзгелердің жаңалығы