Ел чемпионаты. Қар үстіндегі көкпар

1 Сәуір 2021, 12:31
2669
Бөлісу:
Ел чемпионаты. Қар үстіндегі көкпар
PHOTO
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен көкпар мен аударыспақтан ел чемпионаты жалғасып жатыр.

Тараз қаласы маңындағы Бестөбе атшабарында бес күнге жалғасатын дүбірлі дода елдегі пандемиялық ахуалға орай санитарлық талаптарды сақтай отырып өтуде.

Чемпионаттың үшінші күні алаңға шығатын төрт команданың алғашқысы Жамбыл облысының құрамасы мен СҚО құрамасы болды.

Тараздағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан қар үстінде көкпар өткізген командалар жақсы ойын көрсетті. Дегенмен, бұған дейін Атырауды ойсырата ұтқан Жамбыл жігіттері СҚО-ны да сансыратып жіберді. 

Ел чемпионаты. Қар үстіндегі көкпар

Ал бұған дейін Атырау мен Түркістанға есе жіберген Қызылжар құрамасы алаң иелеріне қарсы айтарлықтай қарсылас бола алмады. Ойынның алғашқы айналымы 9:1 есебімен аяқталды.

Нұрдәулет Момыновтың шабандоздары алаң иелері өздері екенін тағы да дәлелдеді. Қазақстан Республикасының 10 рет чемпионы болған «Әулие ата» командасының жігіттері СҚО құрамасын 13:3 есебімен ұтты.

Ел чемпионаты. Қар үстіндегі көкпар

Ойынның алғашқы минуттарында салым салып, есеп ашқан жамбылдық шабандоз Бердіқұл Айнабек екі салым салса, Шырынбаев Бағылан да осы ойында 2 салымға қол жеткізді. Ал құрамадағы өзге 10 ойыншының 9-ы бір-бір салымнан салып шықты. Тек осы ойында Дүйсенбиев Манарбек қана салым салып үлгермеді.

Ел чемпионаты. Қар үстіндегі көкпар

Ал СҚО құрамасы ойыншыларының арасында Әбесов Нұрсұлтан, Галинуров Данияр және Любарский Вадим әрқайсысы бір-бір салымнан салды.

Өзгелердің жаңалығы