Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстары бойынша «Chia Tai Tianging Pharmaceutical» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырды деген күдіктіге қатысты істі ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті аяқтап, сотқа жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олар өздерін инвестициялық компания ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты кірісті уәде еткен. Бұл ретте,«Chia Tai Tianging Pharmaceutical» жеке тұлғалардың ақшасын тартып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, оларды қатысушылар арасында қайта бөлген.
Жалпы тартылған салымшылардың саны 425 адам, 523 млн теңге сомасына, оның ішінде 490 млн теңгеге жуық сомаға 411 азамат жәбірленуші деп танылды.
Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырамыз.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.