Ел азаматтары туған ауылдарына бірнеше нысан ашып берді

19 Шілде 2023, 15:28
1113
Бөлісу:
Ел азаматтары туған ауылдарына бірнеше нысан ашып берді
Фото: автордан

Баянауыл ауданы Жұмат Шанин ауылының бір топ тұрғыны туған жерлерінің 60 жылдығына орай бірнеше нысанды сыйға тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Тарихы тереңде жатқан ауылдың мерейтойы дүркіреп өтті. Шара аясында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби театр режиссері, драматург, актёр Жұмат Шаниннің туған өлкесінде «Жастар орталығы» кешені, асхана, спорттық алаңдар қолданысқа берілді.

Күркелі ауылдық округінің әкімі Әлібек Сапабековтің айтуынша, соңғы жылдары Жұмат Шанин ауылында инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, халық санын арттырып, жастардың тұрақтап қалуы үшін тиісті шаралар қолға алынды.

Бүгінде ауылымызда орталықтандырылған су жүйесі салынып жатыр. Елді мекеннің ішкі жолдарын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Тоғыз шақырымдық жолға асфальт төселеді. Сонымен қатар, мәдениет үйін салу жоспарлап отырмыз. Жуырда ауылымызға жаңа жедел-жәрдем көлігі келді. Ауылымыз дамып жатыр, - дейді Әлібек Сапабеков.

Мерейтой аясында ашылған нысандар халық пен демеушілердің қолдауымен ашылды. Елді мекенде бұрын қаңырап жатқан екі қабатты үй жөнделіп, жастар орталығы бой көтерді. Ішінде спорттық секциялар, үйірмелер, жаттығу залы жұмыс істемек. Жеткіншектерді салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру үшін шағын футбол және баскетбол алаңы ашылды.

Ел азаматтары туған ауылдарына бірнеше нысан ашып берді

Мерейтой аясында спортсүйер қауым үшін тоқ бәйге, асық ату, футбол, кір тасын көтеру турнирлері мен қазақша күрестен жарыс ұйымдастырылды. Ал ауылдың желаяқтары туған жерлерінің мерейтойына бес шақырымдық жарыс арнады.

Біздің ауылда спортшылар көп. Содан болар, ат жарыс, күрес турнирі, кір тасын көтеру бойынша шеберліктерін көрсетуге келген халықтың қарасы қалың. Жүгірістің өзіне 30-ға жуық бала жиналды. Ішінде ауыл тумалары, осы жердің жеткіншектері бар. біздің мақсат та сол – олардың спортқа тарту, үлгі болу, - дейді әуесқой спортшы Нұрсұлтан Бірлік.

Биыл Баянауыл ауданында шалғай жатқан ауылдарды дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 50-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде әлеуметтік нысандар жөнделіп, жолдар салынуда. Бұл жобаларға мемлекеттік бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Олардың ішінде елді мекен халқын сапалы ауызсумен қамту үшін сегіз жоба қолға алынған.

Бүгінде Жұмат Шанин ауылында мыңға жетер-жетпес халық бар. Басым бөлігі мал өсірумен айналысады.

Өзгелердің жаңалығы