2023 жылы Қазақстан аумағынан Өзбекстан мен Ресейге 75 тонна мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге тырысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 31 қаңтардан бастап алты ай мерзімге ҚР аумағынан автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынды. Бұл тыйым «ҚР аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 20 қаңтардағы №21, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 20 қаңтардағы №49, ҚР Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 31 және ҚР ҰҚК Төрағасының 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 40/қе-қа бірлескен бұйрықғына сәйкес енгізілді.
Бұдан басқа, «Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - ЕАЭО) кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге Қазақстан Республикасынан экспорттауға тыйым салынған немесе шектелген мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 24 наурыздағы №118 бұйрығына сәйкес, 2023 жылғы 8 сәуірден бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге көрсетілген бұйрыққа қосымшаға сәйкес мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін ҚР аумағынан ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынды.
Осыған байланысты, ҚР Мемлекеттік кірістер органдары белгіленген тыйым салулардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады, мұнай өнімдерін заңсыз әкету фактілерін анықтау және жолын кесу жөнінде тиісті шаралар қабылдайды.
Мәселен, 2023 жылдың 5 айында ЕАЭО кедендік шекарасындағы автомобиль өткізу пунктінде (Түркістан облысы) Өзбекстан Республикасына жалпы көлемі 42 665 литр мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 128 фактісінің жолы кесілді, есептелген айыппұл сомасы 4,6 млн теңгені құрады. ҚР-ның Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекарасында орналасқан автомобиль өткізу пункттерінде (Ауыл АӨП, Жезкент АӨП, Қоянбай АӨП, Байтанат АӨП, УБА АӨП, Қайрақ ө/п, Ақбалшық ө/п, Өрлітөбе ө/п, Қосақ ө/п) және Қырғызстанмен (Кеген ө/п, Айша-бибі ө/п, Қордай ө/п, Сыпатай батыр ө/п) мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 427 фактісі анықталды. Жалпы көлемі 32 354 литр, есептелген айыппұл сомасы 11,5 млн теңгені құрады, - делінген хабарламада.
Осылайша, ҚР Мемлекеттік кірістер органдары құзыреті шеңберінде тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тыйым салулар мен шектеулердің сақталуына тұрақты негізде тиімді бақылауды жүзеге асырады.
Бұдан басқа, Мемлекеттік кірістер комитеті «АСТАНА-1» электрондық декларациялаудың ақпараттық жүйесінде әкетуге тыйым салынған мұнай өнімдерін кедендік декларациялауға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдады.