Қарағандылықтар ел астанасының «Nur-Sultan» аталуын қолдады

26 Наурыз 2019, 09:37
2862
Бөлісу:
Қарағандылықтар ел астанасының «Nur-Sultan» аталуын қолдады
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының барлық аймағында Елордаға «Nur-Sultan» атауы берілуіне орай қолдау акциялары өтті. Саябақтар мен парктер жаппай серуендер ұйымдастырылып, аймақтың бірнеше кәсіпорнында мерекелік шаралар өткізілді.

Кеше Қарағанды өңірінің түкпір-түкпірінде Астана атауының «Nur-Sultan» деп өзгеруіне байланысты мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Өңірдегі өнеркәсіп орындарында еңбек ететін мыңдаған қызметкерлер мен еңбеккерлер Елбасының қазақ еліне сіңірген еңбегінің зор екендігін, Тұңғыш Президенттің бұл құрметке лайық екендігін айтты.

Қарағандылықтар ел астанасының «Nur-Sultan» аталуын қолдады

«Біз балаларымыздың тыныш ұйқысы мен болашағы үшін алаңдамаймыз. Себебі қазақ елі көк байрағы желбіреген, әнұраны шырқалатын бейбіт елге айналды. Бұның барлығы Тұңғыш Президентіміздің арқасында. Елбасының өз еліне деген сүйіспеншігі мен құрметі Қазақстанның дамыған елдердің қатарына қосылуына себеп болды. Ендеше, Елордаға Нұрсұлтан Әбішұлының атын беру шешімі толық қолдауға ие болу керек деп ойлаймын. Болашақта бұл қала әлемге әйгілі заманауи қалалардың біріне айналатынына сенімдімін. Ел жүрегі - «Nur-Sultan» қаласы жастардың жолын ашып, биіктерге бастар қала болсын деген тілегім бар», - деді Қарағандының «Костенко» атындағы шахтасының кеншісі Александр Макиев.

Қарағандылықтар ел астанасының «Nur-Sultan» аталуын қолдады

Қала орталығындағы саябақта бірнеше мыңдаған адам жиналған мәдени шара барысында Қазақстанның эстрада жұлдыздары ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Орталық саябаққа отбасымен, достарымен келген тұрғындар ән тыңдап қана қоймай, тарихи шешім жайлы ойларымен бөлісті.

«Наурыз мерекесіне орай келген осы бір тарихи шешімнің еліміздің әрбір азаматы үшін маңыздылығы жоғары деп білемін. Ұлт Көшбасшысын ұлықтап, оның халық алдындағы қызметіне лайықты баға беру болашақ ұрпақтың еншісінде екендігі сөзсіз. Дегенменде, Елбасының ерен еңбегі мен халқына қалтқысыз қызметі ұлы тұлғаға осындай құрмет көрсетілуімен көрінуі тиіс. Еліміздегі тыныш өмір, бейбіт күн мен мамыражай тірліктің ұйытқысы болған Тұңғыш Президент атындағы әсем қаламыз жасай берсін», - дейді қала тұрғыны Әсемгүл Берікова.

Қарағандылықтар ел астанасының «Nur-Sultan» аталуын қолдады

Бас қала атауының өзгеруіне байланысты Қарағанды қаласының құрметті азаматтары, атақты спортшылар мен қоғам қайраткерлері де оң пікір білдірді.

«Алдымен барлық қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне ел астанасын атауға байланысты тарихи шешімнің куәгері болдық. Тұлғаның ұлылығы оның қиын-қыстау кезеңде елімен бірге болуымен бағаланады. Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін қазақ халқы жүздеген жылдар бойы аңсаған тәуелсіздігін алып, мемлекеттің басшылығына елінің ерен ұлы Н.Назарбаев келді. Елбасының ел билігінде болған жылдары қазақстандықтар үшін маңызды шаралар атқарылды, халықтың әл-ауқаты артты. Қазіргі кезде әлемнің көптеген қаласында біздің Тұңғыш Президентіміздің құрметіне аталған көшелер, нысандар бар. Мысалы, менің тарихи отаным Грозныйда Қазақстанның алғашқы ел басшысының атымен аталатын көше бар. Ал Қазақстан астанасының «Nur-Sultan» аталуының маңыздылығы ерекше», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев.

Қарағанды жастары да Елбасының мемлекет құрудағы еңбегін бағалайтындықтарын айтып, Ұлт Көшбасшысымен мақтанатындықтарын жеткізді.

Қарағандылықтар ел астанасының «Nur-Sultan» аталуын қолдады

«Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев біздің қаламызда білім алып, осында еңбек жолын бастады. Сондықтан біз үшін бұл тарихи шешімнің маңызы зор. Біз Астананың атауын «Nur-Sultan» деп өзгертуді қолдаймыз. Миллиондаған қазақстандықтар өз отанымен және Тұңғыш Президентімен мақтанатындығына сенімім мол», - дейді «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Айта кетейік, Қарағандының орталығындағы екі көше біріктіріліп, оған ҚР Тұңғыш Президентінің аты берілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы