Экс-министр Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы екі айға ұзартылды

14 Қыркүйек 2021, 14:03
2264
Бөлісу:
Экс-министр Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы екі айға ұзартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Талғат Ақшабаев бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін ұзартты.

Бұл туралы zakon.kz хабарлады.

Сот отырысы барысында прокурор Төлеген Жараспаев 7 шілдеде қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғанын, сот процесіне қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде екенін еске салды.

Оның сөзінше, қылмыстық іс 133 томнан тұрады. Оған қоса заттай айғақтар, фонограммалар және тағы басқа материалдар қоса берілген.

Үйқамақ мерзімі қыркүйекте аяқталады. Бірақ танысу процесін аяқтау мүмкін болмады. Осыған орай тиісті органдардан үйқамақ мерзімін тағы екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасына дейін созу туралы өтініш жолдаймын, - деді Жараспаев.

Судья Талғат Ақшабаев өз кезегінде тергеу органдарының екі айға созу туралы өтінішін қанағаттандырды.

Қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің үйқамақта отыру мерзімін екі айға созу туралы өтініші қанағаттандырылсын. Күдікті Елжан Амантайұлы Біртановтың үйқамақта отыру мерзімі 2021 жылдың 14 қарашасы 21 сағат 56 минутқа дейін созылсын, - деді Ақшабаев.

Ол аталған сот қаулысы жарияланғаннан кейін үш тәулік ішінде кез келген уақытта қайта қарастырылуы мүмкін екенін айтты.

Судьяның айтуынша, санкцияланған сот аталған кезеңде үйқамақ мерзімін өзгертуге немесе алып тастауға ешқандай негіз қарастырмайды. Қорғаушылар тарапынан үйқамақта ұстауға кедергі келтіретін жағдайлар айтылмады.

Сондай-ақ ол бұған дейін сот қаулысында көрсетілген үйден шығуға тыйым салу, телефонмен сөйлесуге тыйым салу, басқа адамдармен сөйлесу туралы тыйымдарды алып тастау туралы негіздер қабылданбайтынын атап өтті.

Біріншіден, сот бұған дейін де бұл өтініштен бас тартты. Екіншіден, бұндай жағдайда бұл сұрақтар талқыланбауы тиіс. Себебі сотқа дейінгі тергеумен айналысатын орган белгіленген шектеулер бұзылған жағдайда одан да қатаң бұлтартпау шарасын қолданады, - деді ол.

14 шілдеде бұған дейін экс-министрдің үйқамақ мерзімі екі айға созылған болатын. Біртановтың қорғаушылары сот шешімімен келіспей, қарсы шағым түсірді. 

Судья Біртановтың дербес құқығын бұзды. Сот заңды негізсіз оны бостандығынан айырды. Қылмыстық процестік кодекстің 16-бабына сәйкес судья Біртановтың құқығы мен бостандығын сақтауға міндетті. Дегенмен ол заңсыз қаулы шығарып, кодексте көрсетілген баптың бұзылуына жол берді, - деді Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко.

Экс-министр Елжан Біртанов адвокаттардың шағымын қолдады.

10 ай бойы ұстап, қоғам мені бюджеттік қаражатты ұрлауға қатысы бар деп санады. Кейіннен тергеу амалдарынан соң менің қызметтік лауазымымды асыра пайдаланғаным анықталды. Бұрын да айтқанымдай, мен мұнымен келіспеймін, істі басты соттың қарауын тағатсыздана күтемін. Сөйтіп, ешқандай асыра пайдалану дерегі болмағанын дәлелдеймін, - деді Біртанов.

Айта кетейік, 8 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігінің Елжан Біртановқа қатысты сотқа дейінгі тергеуі аяқталғаны хабарланды.

Өзгелердің жаңалығы