Екпе жұмысына қатысты бір шешімге келдік – депутат

11 Маусым 2020, 17:32
1290
Бөлісу:
Екпе жұмысына қатысты бір шешімге келдік – депутат

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Екпені азаматтар өз ықтиярымен, өз еркімен жасауға да болады немесе одан бас тартуына болады. Бұл туралы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеді.

Бүгін Сенат отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы заң жобасы қаралып, қайта толықтыруға жіберілді. 

Сенат депутаты бұл заң жобасы Мәжілісте де, Сенатта да көп талқыланғанын айтады.

Мәжілісте бұл заң жобасы сегіз ай жан-жақты талқыланды. Қоғамдық ұйымдармен, ҮЕҰ және блогерлермен, осы саланың майталман мамандарымен талданғанын біз көрдік. Қазір Сенатта бір ай көлемінде барлық комитетте талқылану үстінде. Кеше ғана біздің комитеттің кеңейтілген отырыс өтті. Министр келіп өзі баяндама жасады. Біз бұған дейін де бірнеше жұмыс тобын өткізген болатынбыз. Бұл заң жобасы шынында да үлкен талқыға түскен заң жобасының бірі, - дейді ол. 

Депутат заң жобасында көптеген жаңа норма бар екенін айта келе, бір-екеуіне тоқталып өтті. 

Оның ішінде дәрі-дәрмек мәселесіне тоқталсам. Осы заң жобасы аясында дәрінің сапасы, тасымалдауына байланысты көптеген қатайту шарасы көзделген. Халық арасында дау-дамайға түскен баптың бірі - екпе салу болды. Әрине, екпе керек, оны ешкім теріске шығармайды. Бұл мәселе Мәжілісте де, Сенатта да көп талқыланды. Сондықтан екпе жұмысына қатысты бір шешімге келдік. Ол азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселесі. Екпені азаматтар өз ықтиярымен, өз еркімен жасауға да болады немесе одан бас тартуына болады. Ол ата-ананың өз еркінде. Дегенмен, қоғамда өмір сүргендіктен адамдарға кейде міндетті екпелердің түрі болады. Оны егу міндетті. Бірақ олардың саны шектеулі, - деді Бақтиярұлы.

Сонымен қатар ол вакциналарды алып келу бойынша олардың сапасына барынша назар аударылатынын айтты. 

Бұған дейін біз Қытай, Үндістан және Еуропадан әкеп жүрсек, енді оның сапасына, тасымалдануына және сақталуына баса назар аударамыз. Осы мәселелер жаңа заңмен барынша қатаңдатылды, - деді ол. 

Депутат одан кейін адам ағзаларын беру мәселелері де жаңа заңда қатаңдатылғанын айтты. 

Жаңа кодексте бұрынғыға қарағанда бұл мәселе барынша қатаңдатылған. Адамның тірі кезінде ол ағзасын өз ықтиярымен беруге келісімі болмаса немесе оның туыстарының рұқсатынсыз адамның ағзасын беруге заң бойынша мүлдем тыйым салынған. Сондай-ақ шетелге сатуға тыйым салынған. Егер ондай жағдай болса, ол қатаң қылмыстық жауапқа тартылады, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы