Облыс экономикасына соңғы 5 айда 84,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Дегенмен аудандарда ғана көрсеткіш жоғары болғанымен, өңір орталығында төмен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдықорғанға инвестиция аз тартылған
Қараңыз, Талдықорған қаласының экономикасына 63,0 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға төмен. (ИФО – 80,8%). Оның ішінде: бюджет қаражаты есебінен 28,5 млрд теңге немесе 15,6% - ға (33,8-ден 28,5 млрд.теңгеге дейін), бюджеттен тыс көздер есебінен 19,6% - ға дейін азайған. ИФО – 80,4%, 41,2-ден 34,5 млрд.теңгеге дейін төмен түскен. Бүгінде облыс басшысы Бейбіт Исабаев Қала әкімі Ернат Бәзілге инвестор тартуды жолға қоюды тапсырды
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл бағытта ең жоғары өсу қарқыны Сарқан мен Көксу аудандары көрсетіп отыр. Оның ішінде жеке инвестициялар бойынша – Сарқан (5,4 есе), Алакөл (2 есе), Кербұлақ (1,9 есе), Көксу аудандары (1,8 есе) мен Текелі қаласы (1,8 есе) бұрынғыдан қарағанда әлдеқайда жоғары нәтижеге жетіп отыр. Біз осы ретте қала және аудан әкімдерінен өз аумағына тарлыған инвестиция көлемі жөнінде сұрап білдік.
Талдықорған қаласы облыстың бас шаһары болғандықтан инвестиция тарту көрсеткіші жоғары болу керек деген сөз қате. Неге десеңіз, біріншіден аграрлы өңірде инвестиция салынған нысандарға назар салсаңыз көбі өнеркәсіп жанынан ашылған шағын кәсіпорындарға құйылып жатыр. Қала болғандықтан мал, егін шаруашылығы жағынан ауданның экономикалық үдерісіне төтеп бере алмайды. Ал шетелден келген инвесторлар зауыт салуға қорқақтайды. Себебі жер шетелдіктерге берілмейді. Сондықтан олар құйған ақшасының қайтарына сенбейді. Облыста халықтың саны да аз. Осының бәрін ескеру керек, - дейді экономист Танат Артықбаев.
Қаратал қатарынан қалар емес
Мәселен, Қаратал ауданына өткен жылы тартылған инвестиция көлемі 20 млрд 527 млн теңге тартылса, биыл 159 пайызға артқан. Бюджеттен тыс инвестиция көлемі 8 млрд 172,2 млн тенгені құрайды. Биыл ауданға 22 млрд 500 млн теңге қаржы құйылған. Оның ішінде 14 млрд теңге бюджеттік болса, бюджеттен тыс 8,5 млрд теңге.
2023 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау алған үш жоба, олар: «Қаратал қожалығы» ЖШС-гі, ЖК «Бекназар» және «GASSOIL MA» ЖШС жанар-жағар май бекеті болып отыр. Нақтылап айтсақ, «Қаратал қожалығы» ЖШС-гі 150 млн теңгеге мал бордақылау алаңын ашты. Ал ЖК «Бекназар» 32,2 млн теңгеге спорт кешенін салды. Сондай-ақ «GASSOIL MA» ЖШС жанар – жағар май бекеті іске қосылып 305 млн теңге инвестиция тартылды. Олар 30-ға тарта адамға жұмыс берді. Биыл инвестициялық картаға 3 жоба енгізілуге облыстық басқармаға жолданған, - дейді Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбек.
Оның айтуынша, «Гелиос» ЖШС-гі заманға сай форматта автожанармай құю станциясының құрылысын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 320 млн теңге. Жаңадан 10 жана жұмыс орыны ашылады. Іске асыру мерзімі осы жылдын аяғы.Сонымен қатар «Құдайберген» ШҚ ІҚМ өсіру және мал бордақылау алаңын салмақ. Жобаның құны 130,0 млн теңге. Бүгінде 157 бас ірі қара мал, 7 бас жылқы ауданға тіркеліп, ауылшаруашылық техникаларын сатып алған. Бөлінген 1000 га жайылым жер игерілуде. Одан бөлек, «Сейдахмет» ШҚ балық өсіру және өндеу цехы 400 млн тенге, 30 жұмыс орынға, каналдар сенімгерлік басқаруға берілді.
Жалпы, ауданда салынып жатқан коммерциялық нысандарға мониториг жүргізіліп, жыл соңына дейін нысан 1,5 млрд теңгені құрайтын 15 нысанның іске қосу жоспарлануда. «Тастөбе Агрофут» ЖШС қосымша ІҚМ, техника сатып алуға, 800 млн теңгеге ауылшаруашылық техника сатып алуға, 2 млрд теңге ИЖС, ауылшаруашылық техника 300 млн теңгеге, қосымша 2024-2025 жылдарға жобалар қарастырылуда. «Отау Үштөбе» ЖШС жүнді жууға және иірілген жіп өндіруге 1 млрд теңге бөлмек. Аталған жобаны іске асыру бойынша италиялық компаниялар да атсалыспақ. «GASSOIL MA» ЖШС автомайларды және битум өндіру цехы 3,5 млрд теңге құймақ.
Кербұлақта кәсіпорындар артып келеді
Жыл басынан аудан экономикасына 4 млрд 733 млн теңге инвестиция тартылған. Өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 2 млрд 111 млн теңгеге көбейген. Нақты көлем индексі 180,7 пайыз. Дегенмен биыл аудан экономикасына 24 млрд 814 млн теңге инвестиция құйылады деп жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жете ала ма? Бұл сауалға аудан басшысы Қанат Есболатов жауап берді..
Аудандағы ірі инвестициялық жоба цемент өндіру зауытының құрылысы іске асырылғанын айта кету керек. «Алацем» зауытының 47 млрд теңгені құрайтын жобаға 583 адамға жұмыс орнын ашып (жергілікті жұмысшылар 511 адам), жылына 3,9 млрд-тан астам салық аударымдарын жасайды. Инвестициялық жобаны табысты іске асыру ауданға оң серпін береді. «Көксай Мұзбел» – бұл Жетісу облысы Кербұлақ ауданының аумағында орналасқан мыс кен орны. Кен орны «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірге «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншілесінде, - дейді Есболатов.
Оның айтуынша, «ШОҒЫРЛАНДЫРЫЛҒАН ҚҰРЫЛЫС ТАУ-КЕН КОМПАНИЯСЫ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұрынғы Көксай - Мұзбел ЖШС) қуаттылығы жылына 50 млн тонна руда өңдеп, 860 мың тонна мыс концентратын және 5 мың тонна мыс катодын шығарады. Жобаның құны 1 трлн 300 млрд теңге. Кен байыту комбинатының іске қосылуымен 3300 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Кен байыту комбинаты 2027 жылдың 1 тоқсанына іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі кезде кен орнының қорын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар нысанның құрылысының техникалық экономикалық тұжырымдамасы және кеннің бетін аршу жұмыстарын орындау үшін, меншікке құқық беретін құжаттары әзірленуде.
Алдын ала болжам бойынша аталған кәсіпорыннан республикалық және жергілікті бюджеттерге жылына түсетін салық мөлшері 35-45 млрд теңгені құрайды. Кен орнының ауқымдылығы мен жоспарланған өндіріс көлемін ескерсек, жоба Кербұлақ ауданының әлеуметтік-экономикалық өсуі мен дамуында маңызды рөл атқармақ.
Сондай-ақ «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылдың желтоқсан айында Сарыөзек ауылының аумағында орналасқан теміржол тұйығын сатып алды. Аталған жобаға 3,5 млрд теңге тартылады (оның ішінде 2023 жылы 1 млрд 109,5 млн теңге).
Алдағы уақытта объектіде «Көксай Мұзбел» кен орнына қажетті инфрақұрылымды құруға арналған материалдық сақтау, жүктер, көлік құралдары, жабдықтар мен құрылыс материалдары жинақталатын қойма құрылысы 2024 жылдың наурыз айында аяқталып іске қосылды. Нысанның құрылысына 100-ден астам жұмысшы, оның ішінде, Кербұлақ ауданының 15 тұрғыны жұмылдырылған. Объектінің ауданы – 7,7 гектарды құрайды. «Жетісу Терминал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 15 темір жол вагонын құрайтын терминалын салу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2024 жылы жүзеге асырылады. Инвестиция сомасы 3 млрд теңгені құрап, 50 адамға жаңа жұмыс орны ашылады, - дейді аудан әкімі.
Айта кетейік, «Golden Steppe» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 150 мың тонна кен өндіретін Архарлы кен орнында алтын-күміс қорытпасын шығаратын алтын байыту фабрикасын салу жоспарлануда. Ал 2027 жылы «Алтын байыту» фабрикасын салынбақ. Қазіргі кезде кен орнының қорын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстары жалғасуда. Жобаның құны 6,1 млрд теңге. Болжамды салық төлемдері жылына 640 млн теңгені құрайды. Іске қосылса 55 адамға жұмыс ұсынбақ.
Көксу мен Текелінің көрсеткіші бірдей
Көксу ауданы мен Текелі қаласында былтырмен салыстырғанда инвестиция көлемі артқан. Мәселен, Көксуда жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 50 жеке тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін мемлекет тарапынан аталған үйлер мемлекет меншігіне сатып алынып халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Қазіргі таңда Балпық би ауылында 30 үйдің және Жарлыөзек ауылында 10 үйдің құрылысы басталған.
Ал халқының саны жағынан облыста үшінші орынға ие Текелі қаласы да инвесторға есік ашуда. Кенді шаһарға жыл басынан бері қалаға 658 млн теңге инвестиция тартылған. Қазір моноқалада 5 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Олардың жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайды. Ең бастысы 94 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтымақ.
Бізде осы бағытта ірі жобалар қолға алынады. Оның бірі – қуаттылығы жылына 10 мың тонна (3,3 млрд теңге,) төмен көміртекті феррохром «Текмет» ЖШС өндіретін металлургиялық зауыты болып отыр. Сондай-ақ «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС-нің құрамдастырылған циклді зауыт құрылысымен жаңғырту және кеңейту жобасының бірінші кезеңі жүзеге асады. Қалғаны «Ақан Гүлина» АЖ – әлеуметтік дүкен ашу, «Алтын» қонақ үйі, «Руала» сауда үйінің құрылысы саналады. Бұлардың бәрі жыл соңына дейін біртіндеп іске асады, - дейді Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ.
Жалпы соңғы 5 айда өңірде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 60,2 млрд теңгені құрап отыр. Бұл былтыр осы уақытта атқарылған жұмыстармен салыстырғанда 2 есе көп. Құрылыс көлемінің ұлғаюындағы оң динамика Сарқан, Алакөл, Көксу, Ескелді, Ақсу аудандарында байқалады.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі 73,0 млрд теңгені құраған. Былтырғы деңгейден 1,5%-ға асып, барлық аудандар мен қалаларда өсім анық байқалып отыр. Соның ішінде ең үлкен өсім Қаратал (109,7%), Алакөл (104,3%) аудандарына тиесілі. Орта есеппен мал басы 0,8%-ға, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 1,5%-ға атқан. Одан бөлек ет пен сүт өндірісі де 100 пайыздан жоғары көрсеткішке жетіп отыр.
Бүгінде Жетісуда сауда көлемі 19,5%-ға ұлғайып, 258,1 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде бөлшек тауар айналымы – 98,2 млрд теңге, өсім 1,3 есе, барлық аудандарда оң динамика тіркеліп отыр.
Айта кетейік, өңірдің құрылғанына 2 жыл ғана болды. Инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алайда Ескелді, Ақсу аудандарына инвестиция құюға асық кәсіпкерлер аз. Қос ауданның облысқа түсіріп отырған салық көлемі де төмен.